Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты пікір білдірді. Кремль өкілі Тоқаевты саяси мүмкіндігі жоғары әрі болашақты бағамдай алатын тұлға ретінде сипаттады, деп хабарлайды kznews.kz.
Дмитрий Песков Қазақстан президентінің саяси салмағына ерекше назар аударып, мұндай пікірді кез келген саясаткер айта алмайтынын жеткізді.
«Президент Тоқаев — бұл саяси тұрғыдан өте қуатты адам, өте мықты, орасан зор ресурсы бар тұлға. Мұндай саяси пайымы, болашақты көре білу қабілеті, табандылығы мен дәйектілігі бар адамдар ғана осындай мәлімдеме жасай алады. Басқаларының бұған шамасы жетпейді», – деп атап өтті Песков.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді жақсы білетінін айтқан еді. Қазақстан президентінің сөзінше, Путин күрделі тарихы бар ірі мемлекетті басқару үшін қажетті қасиеттерге ие.
Тоқаев Ресей басшысының саяси тәжірибесі мен мемлекет басқарудағы ерекшеліктеріне қатысты пікірін бұған дейін де бірнеше рет білдірген.
Ал Песковтің соңғы мәлімдемесі Қазақстан мен Ресей басшылары арасындағы саяси байланыстарға қатысты айтылған пікірлердің қатарын толықтырды.