Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылы өтетін президент сайлауына қатысуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналист Мемлекет басшысына Конституциялық соттың жуырда жариялаған түсіндірмесін еске салды. Оған сәйкес, Тоқаевтың Президент лауазымына қайта сайлануға заңды құқығы бар. БАҚ өкілі оның бұл мүмкіндікті пайдалануға ниеті бар-жоғын және сайлау 2029 жылы өтетіні немесе кезектен тыс ұйымдастырылуы мүмкін екені туралы сұрады.
Тоқаев қайта сайлануға құқығы бар екенін растағанымен, әзірге бұл мәселе бойынша нақты шешімін жарияламады.
– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы... Сол кезде сізге нақты жауап беремін", - деді Президент.
Президент қазіргі таңда өзінің саяси болашағынан гөрі ел алдында тұрған ауқымды міндеттерді жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.