Ерлі-зайыптының үйі заңды жолмен алынған болып шықты
Бүгін Қаржы мониторинг агенттігі аса ірі көлемде алаяқтық жасаған Перизат Қайраттың Дубайдағы туысына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz
Қаржы мониторинг агенттігі анонимді Telegram арнаның бірінде тараған «Перизат Қайраттың туысы Дубайда бірнеше пәтер сатып алған» деген ақпаратты тексере келе БАҚ үшін мынаны хабарлап отыр:
«Қаржылық мониторинг агенттігі аталған адамдардың жылжымайтын мүлікті П. Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін деген болжамды тексерген. Алайда бұл болжам расталмады. Тергеу барысында барлық қаржылық операциялар жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталды», - деп хабарлайды Қаржы мониторинг агенттігі.
Осы ретте ҚМА Перизат Қайрат су тасқыны кезінде халықтан жиналған миллиардтарды қалай жұмсағанын тағы да еске салған.
«Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған», - деп еске салды ҚМА.
Осылайша, Перизат Қайрат пен оның Дубайдағы туысының арасындағы алыс-берісті тексерген ҚМА «ағасы Перизат Қайраттың отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жасамағанын» анықтаған көрінеді.
«Оның үстіне, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және П. Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді. Олар П. Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген», - деп хабарлайды ҚМА.
Осы ретте ҚМА заңды түсіндіре отырып, «Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге болады» дейді. Ал күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі жеке дара адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды.