Адвокат Мейірман Шекеев қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановтың 40 күндік асына қатысып, оның ұлт мүддесі жолындағы табанды күресі туралы естелігін бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Шекеевтің айтуынша, көпшілік Мұхтар Шахановты ақын, композитор әрі қоғам белсендісі ретінде жақсы танығанымен, оның өмірлік ұстанымының өзегі қазақ халқының мүддесіне қызмет ету болған.
Адвокат ақынның жары Ханшайым апайдың сөзін мысалға келтіріп, Мұхтар Шахановтың Мәскеуге барған сапарларының бірінде болған оқиғаны айтты. Оның сөзінше, ақын сол жақта сырқаттанып, оған Кремль ауруханасына жату ұсынылған. Алайда белгісіз бір адам телефон арқылы ескерту жасап, бұл ауруханаға жатса, аман шығуы қиын болуы мүмкін екенін жеткізген. Осыдан кейін Шаханов Қазақстанға шұғыл оралып, қауіптен аман қалған көрінеді.
Мейірман Шекеев бұдан бөлек тағы бір оқиғаны еске алды. Оның айтуынша, Мұхтар Шаханов Алматыдағы №7 ауруханада жатқан кезінде түн ішінде перденің артында пышақ ұстаған адамның сұлбасын көрген. Адвокаттың пайымынша, осындай қауіп-қатерлер мен қысымдар кейін ақынның Қырғызстанға елші болып баруына да әсер еткен болуы мүмкін.
Шекеев Мұхтар Шаханов қандай қиындық көрсе де, ұлт мүддесіне қатысты ұстанымынан айнымағанын атап өтті. Оның сөзінше, ақын қазақ тілі, ұлттық сана және елдік мәселелерге келгенде әрдайым ашық сөйлеп, батыл позиция танытқан.
"Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде бекітілуі жолында Мұхтар ағаның еңбегі ерекше. Ол өз ойын жасырмай айтып, ұлт мүддесін қорғауда үлкен қайсарлық көрсетті", – деді Мейірман Шекеев.