Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов көзі тірісінде қоғамдағы шындықты айту жолындағы күресі мен қазіргі жағдайы туралы пікір білдірген болатын, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақын бұл ойларын журналист Нартай Аралбайұлымен болған сұхбатында бөліскен. Оның айтуынша, соңғы жылдары көпшілік алдына сирек шығуының себебі – ашық пікірлері мен билікке айтқан сыны.
Шаханов өз сөзінде Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты айтқаны үшін түрлі қысымға ұшырағанын жеткізген. Ол сол кезеңде саяси мінберлерде халықтың мұң-мұқтажын көтеріп, ірі мәселелерді батыл қозғағанын атап өткен.
"Кезінде Желтоқсан жайын айттым. Горбачевті алдадым. Арал мәселесін айтамын деп, мінберде желтоқсан туралы айтты. Мені Горбачев өлтірмекші болған. Мен бірнеше рет өлімнен қалдым. Қазақ тілін – мемлекеттік тіл етейік деген де мен. Кейін де басшылар менің ізіме түсті. Себебі мен туфли жаламаймын. Туфли жалағыштар туралы ашық айтамын. Оным басшыларға ұнамайды. Бірде менің көлігімді апатқа түсіріп, мені өлтірмек болғандар болды. Тіпті ауруханада есімнен танып жатсам, өлі адамдардың қатарына жатқызып қойыпты. Мен бірнеше рет өлімнен қалған адаммын", – дейді ақын.
Айта кетейік, Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақынның көзі тірісінде айтқан соңғы аманаты орындалып, ол туған жері – Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесі маңына жерленді.