Павлодар қаласында бір топ жасөспірім қатарласын аяусыз ұрып-соғып, оны қорғауға тырысқан ер адамға да шабуыл жасаған. Бұл туралы әлеуметтік желіде қала тұрғыны мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әйелдің айтуынша, оның жұбайы жұмысқа кетіп бара жатып, бір топ жасөспірімнің өз қатарласын соққыға жығып жатқанын көреді. Жағдайға бейжай қарамай, жәбірленушіге көмектесуге тырысқан ер адамды жасөспірімдер бірден қоршап алып, оған да күш көрсеткен.
Оның сөзінше, шамамен 15-16 жастағы жасөспірімдер ер адамға қоқан-лоқы жасап, тепкілей бастаған. Оқиға күндіз болғандықтан, бұл жағдай тұрғындардың наразылығын тудырды.
Павлодар облыстық Полиция департаменті аталған оқиға бойынша барлық қатысушылардың жеке тұлғалары анықталып, полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтауға бағытталған тексеру жұмыстары жүргізілуде.