Маңғыстау облысында екі жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жығып, болған оқиғаны видеоға түсірген. Кейін олар жазбаны жәбірленушінің досына жіберіп, қорқыту құралы ретінде пайдаланған, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға таңертең тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған. 16–17 жастағы екі бозбала дүкенге шыққан мектеп оқушысын тоқтатып, одан досын сыртқа шақыруды талап еткен. Алайда әлгі жасөспірім сыртқа шықпаған соң, олар оқушыны ұрып-соғып, болған жайтты ұялы телефонға түсіріп алған.
Кейін күдіктілер бейнежазбаны жәбірленушінің досына жолдап, егер сыртқа шықпаса, дәл осындай әрекет қайталанатынын айтып қорқытқан.
Оқиғадан кейін зардап шеккен мектеп оқушысы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тексеріп, стационарлық ем қабылдауы қажет деген шешім шығарған.
Аталған оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті екі жасөспірім ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бөлімшеде жасөспірімдер өз әрекеттерін мойындаған. Олардың бірі «Иә, мен ұрдым. Керек болса тағы ұрамын» деп мәлімдегені айтылды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.