Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің әйелі Әдел Әділова Астанадағы қызметтік пәтерін көрсетті деген бейнежазбадан кейін көпшіліктің назарын өзіне аудартты, деп хабарлайды kznews.kz.
TikTok-та жарияланған видеода ол пәтердің ішін аралатып, жиһаздардың 20 жылдан бері жаңартылмағанын, теледидардың ескілігін және кейбір шкафтардың сынғанын атап өтеді.
Әділованың айтуынша, олардың отбасы бұл қызметтік тұрғын үйде 2023 жылдан бері тұрып келеді. Ол видео арқылы «депутаттар да қарапайым жағдайда өмір сүреді» деген ойды жеткізуді көздегенін айтқан.
Алайда желі қолданушыларының көбі бұл пәтер шын мәнінде отбасына тиесілі дегенге сенімсіздік танытты. Олар пәтерде тұрып жатқан адамның ізі байқалмайтынын алға тартқан.
Пікір қалдырушылардың бірі видеодағы Әділованың қымбат әшекей бұйымдарын сынға алса, тағы бірі пәтерді басқа адамдарға жалға беріп қойған болуы мүмкін деген пікір білдірді. Тіпті кейбір қолданушылар терезеден көрінген жер бедеріне қарап, пәтер қай тұрғын үй кешенінде орналасқанын анықтауға тырысқан.
Видео астында мысқыл аралас пікірлер көптеп жазылды:
«Бұл пәтерді неше күнге жалға алдыңыздар?»,«Қызметтік пәтерді көрсеттіңіз, ал қала сыртындағы үй қайда?, «Халықты алдамай-ақ қойыңыз»,«Бір сағатқа түсірілімге ғана жалға алған сияқты», «Енді қала сыртындағы виллаңыздың турын күтеміз», - деп жазды.