Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол апатынан зардап шеккен Нұржігіттің денсаулығына қатысты жаңа мәлімет белгілі болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде Нұржігіттің жақындары арнайы үндеу жасап, оның қазіргі жағдайы туралы ақпарат бөлісті. Олар азаматтың ем қабылдап жатқанын айтып, көпшіліктен оның тезірек сауығып кетуі үшін дұға етуді сұрады.
Жақындарының айтуынша, жол апатынан кейін Бақытжан Базарбек те зардап шеккен азаматтың жанынан табылып, қажетті көмек көрсетіп келеді.
«Қазіргі таңда Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Бауырымның аяққа тұрып кетуі үшін еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазір бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Құрметті халайық, бауырым үшін дұғада болыңыздар», – деді Нұржігіттің жақындары.
Өз кезегінде Бақытжан Базарбек науқастың қазіргі жағдайына қатысты видеоүндеу жасап, оның дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін айтты.
Экс-депутаттың сөзінше, Нұржігітке Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Реаниматологтар мен травматологтар кеңес беріп, тиісті ем-шаралар жүргізуде. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде де мамандардың қатысуымен консилиумдар ұйымдастырылған.
«Нұржігіт бауырымыздың денсаулығы ақ халатты абзал жандардың қолында. Қазір оң өзгерістер бар. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр», – деді Бақытжан Базарбек.
Қазіргі уақытта науқастың жағдайы медицина мамандарының бақылауында. Дәрігерлер оның денсаулығын тұрақтандыру үшін қажетті емді жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында Toyota көлігін басқарған Бақытжан Базарбек жолдың жүріс бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткені хабарланған болатын. Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Жол апатының нақты себептері мен мән-жайы тиісті сараптамалардан кейін анықталмақ.