Ақтөбеде оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 18 жастағы курсантқа қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот отырысы ашық форматта өтіп, оған Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының өкілдері қатысқан. Қайғылы оқиға өткен жылдың 15 шілдесінде Ақтөбедегі «Айбын» әуеайлағында болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, майор Нұржан А. курсантқа парашютпен секіруге рұқсат берген. Алайда ереже бойынша секіру мәжбүрлі ашылу жүйесімен орындалуы тиіс болған. Соған қарамастан, курсант қолмен ашылатын парашютті пайдаланған.
Секіруден кейін шамамен 800 метр биіктікте парашют ашылмай қалып, 2006 жылы туған курсант оқиға орнында көз жұмған.
Сот шешімімен майор Нұржан А. мен кіші сержант Заманбек Т. қызметтік салғырттық танытқаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға тиісінше 4,5 жыл және 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ сот Қорғаныс министрлігін марқұмның отбасына моральдық зиян үшін 20 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді.