Ақтаулық Ербол Айтуов иек астындағы артық майды алдыру үшін жеке клиникаға жүгінген. Алайда операция басталар сәтте оның жағдайы күрт нашарлап, ота жасалмай қалған, деп хабарлайды kznews.kz.
Марқұмның жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, дәрігерлер таңғы сағат 09:40-та наркоз беріп, интубация жасауға тырысқан. Бірақ процедура сәтсіз аяқталған.
«Сол кезде қан қысымы 220-ға дейін көтеріліп, қант көрсеткіші 25 болған. Кейін ишемиялық инсульт алып, комаға түсті», – дейді ол.
Әйелінің сөзінше, дәрігерлер науқастың ауыр хәлін бірден хабарламаған.
«Сағат 11-де дәрігерге хабарластым. Бірақ жауап бермеді. Жедел жәрдемді бірнеше сағаттан кейін шақырған. Реанимацияға кешкі беске қарай ғана жеткізді», – дейді Лаура Айтуова.
Ербол Айтуов бір ай бойы комада жатып, 5 мамыр күні таңертең қайтыс болған. Артында үш кәмелетке толмаған баласы қалды.
«Қызыма әлі айтпадық. Күнде жылап жүр: “Папа қашан ауруханадан келеді?” деп сұрайды», – дейді марқұмның жұбайы.
Лаура Айтуова клиника тарапынан осы уақытқа дейін ешкім кешірім сұрамағанын айтты. Оның сөзінше, Ақтауда мұндай операцияны тек «Қасиет» клиникасы жасағандықтан, жолдасы сол мекемені таңдаған.
Сонымен қатар Маңғыстау облыстық Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті клиникаға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, бірқатар заңбұзушылық анықтаған. Атап айтқанда, операциялық блок толық жабдықталмаған, кей құрылғылардың мерзімі өтіп кеткен және анафилактикалық шокқа қарсы қажетті құралдар болмаған.
Бұдан бөлек, клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметін көрсетуге лицензия болмағаны белгілі болды. Сондай-ақ науқастың ота алдындағы тексеруі толық жүргізілмегені және медициналық қарсы көрсетілімдерге қарамастан операцияға рұқсат берілгені анықталған.
Қазір іс материалдары прокуратураға жолданбақ.