23 қаңтар күні Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Осыған байланысты Qaz365.kz тілшісінің жолданған сұрауға ҚР Қорғаныс министрлігі ресми жауап берген.
“Әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылған. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді”.
Министрлік мәліметінше, Қорғаныс министрінің тапсырмасымен арнайы комиссия да құрылған.
“Оқиғаның мән-жайын объективті және жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің жетекшілігімен комиссия жұмыс жүргізуде. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің басшылығы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетіледі”, – деді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары Арынғали Акишев.