Алматы – Өскемен тасжолында екі жеңіл көлік соқтығысып, екі адам көз жұмды. Тағы сегіз адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты автожолдың 171-шақырымында болған.
Алдын ала дерек бойынша, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, қарсы бағытта келе жатқан дәл осындай маркалы автокөлікпен соқтығысқан.
Апат салдарынан көліктердің бірін басқарған 56 жастағы ер адам оқиға орнында қаза тапты. Зардап шеккен сегіз адам медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда дәрігерлердің көмегіне қарамастан, екінші көліктің жүргізушісі ауруханада көз жұмды.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескеріп, қауіпсіз жылдамдық таңдауға шақырды. Сондай-ақ арақашықтықты сақтау және көлік жүргізу кезінде алаңдамау қажеттігін ескертті.