Әлемдік экономика соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Геосаяси тұрақсыздық, логистикалық тізбектердің үзілуі, инфляциялық қысым және жаһандық нарықтағы белгісіздік көптеген мемлекеттерді өздерінің өндірістік мүмкіндіктерін қайта қарауға мәжбүр етті.
Бұрын жаһандану жағдайында кез келген тауарды сырттан сатып алу тиімді модель ретінде қарастырылса, қазіргі кезең ішкі өндірістің стратегиялық маңызын көрсетті. Елдің экономикалық қауіпсіздігі енді тек табиғи ресурстар көлемімен емес, халық пен бизнестің қажеттілігін өз өндірісі арқылы қамтамасыз ету қабілетімен бағаланады.
Қазақстан де үшін бұл мәселе ерекше өзекті. Себебі, ұзақ жылдар бойы ұлттық экономика мұнай, газ, уран және металл секілді шикізаттық ресурстар экспортына негізделді. Бұл модель елге елеулі табыс әкелгенімен, әлемдік баға конъюнктурасына тәуелділік қалыптастырды.
Сондықтан бүгінгі басты міндет шикізаттық артықшылықтарды сақтай отырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және ішкі нарықтағы қазақстандық тауарлардың үлесін арттыру.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет соңғы жылдары отандық өндірісті дамытуға басымдық беріп келеді. Біз туралы алдыңғы мақалада айтқанбыз.
Енді мемлекеттік саясат енді тек инвестиция тартуға емес, нақты өндіріс ашуға, жергілікті қамтуды арттыруға және қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған. 4-тамызда өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерінің қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақстандық кәсіпорындарға ұлттық және инфрақұрылымдық жобалар аясында басымдық беру қамтамасыз етілді. Сонымен қатар жаңа өндірістерді іске қосуға қолайлы салықтық және өзге де мемлекеттік қолдау шаралары енгізілді.
Ендігі кезең осы мүмкіндіктерді пайдаланып, отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін арттыру және экспорттық әлеуетін кеңейту. Бұл жерде маңызды мәселе мемлекеттік қолдаудың түпкі мақсаты кәсіпорын санын көбейту ғана емес, экономиканың сапалы өзгеруін қамтамасыз ету.
Жалпы, еліміздің тұтыну нарығында импорттың үлесі әлі де жоғары салалар бар. Әсіресе, дайын өнімдер, құрал-жабдықтар, технологиялық тауарлар бойынша сыртқы жеткізілімге тәуелділік байқалады. Ал импортқа шамадан тыс тәуелділік бірнеше тәуекел тудырады. Біріншіден, валюта бағамының өзгеруі ішкі нарықтағы бағаға әсер етеді. Екіншіден, халықаралық жеткізу тізбектеріндегі кез келген үзіліс қажетті тауарлардың тапшылығына әкелуі мүмкін. Сондықтан отандық өндірісті дамыту тек экономикалық тиімділік емес, тұрақтылық факторы ретінде бағалануда.
Алайда, импортты алмастыруды сапасыз немесе қымбат өнім өндіру деп түсінуге болмайды. Негізгі мақсат халықаралық талаптарға сай келетін, бәсекеге қабілетті өнім шығару екенін түсінуіміз керек.
Жалпы, Қазақстанның өндірістік саясатындағы негізгі нәтиже өңдеу өнеркәсібіндегі өсімнен байқалады. Ұлттық сараптамалық орталықтың мәліметінше, 2021–2025 жылдары негізгі өңдеу секторларындағы өндірістің орташа жылдық өсімі 11,2 пайызды құрады. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 12,1 пайызға жетті. Сонымен бірге импорт өсімінің қарқыны баяулаған. Егер 2021–2023 жылдары осы тауарлар импорты жылына орта есеппен 23,9 пайызға артса, 2023–2025 жылдары өсім қарқыны 2,9 пайызға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіштер ішкі өндірістің біртіндеп күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе, машина жасау, құрылыс материалдары, азық-түлік өндірісі, фармацевтика және өңдеу өнеркәсібінің басқа бағыттарында жаңа мүмкіндіктер қалыптасуда.
Айтпақшы, 2026 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі қолданысқа енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік қолдаудың ашықтығын арттыруға бағытталған. Бұдан былай кәсіпорынның отандық өндіруші ретіндегі мәртебесі нақты өндірістік көрсеткіштер арқылы расталады. Жүйе мемлекеттік ақпараттық базалармен интеграцияланып, өндірістің нақты деңгейін, жергілікті қамту үлесін және кәсіпорын қызметінің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Ал 2026 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша тізілімге 6 574 кәсіпорын енгізілген. Оның ішінде 4 552 кәсіпорын өз өндірісінің өнімін шығарса, 2 022 кәсіпорын қайта өңделген өнім өндіреді. Бұл мемлекеттік преференциялар нақты өндіріс жасап отырған кәсіпкерлерге бағытталуы тиіс деген қағиданың жүзеге асуы.
Жалпы, отандық өндірісті дамытудағы ең маңызды мәселелердің бірі өнімді өткізу екені белгілі. Яғни, кәсіпорын үшін зауыт ашу жеткіліксіз. Өнім тұтынушыға жетуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, сауда желілерінің саясаты үлкен рөл атқарады. Осы жерде отандық өндірушілердің алдында тұрған мәселелердің бірі ірі сауда орындарына кірудің қиындығы болып отыр. Бұл бағытта кейбір жағдайда импорттық өнімдерге басымдық беріледі немесе отандық өндірушілер үшін жалдау және орналастыру шарттары күрделі болады.
Сондықтан ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін арттыру үшін өндіріс пен сауда арасындағы байланысты күшейту қажет.
Әрине, мемлекеттік қолдау нарықтық бәсекені алмастырмауы керек, бірақ отандық кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндік қалыптастыруы тиіс. Яғни, бұл жердегі мақсат жай ғана отандық өнім көлемін арттыру емес. Негізгі міндет технологиялық деңгейі жоғары, экспортқа шығатын және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өндіріс қалыптастыру екені анық.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономикалық қуатты мемлекеттер тек табиғи ресурстарымен емес, өздерінің технологиясымен, брендімен және дайын өнімдерімен ерекшеленеді. Дәл қазір Қазақстан үшін де ұзақ мерзімді перспективада дәл осы бағыт маңызды.
Тоқетерін айтқанда, еліміздің жаңа экономикалық кезеңдегі мақсаты шикізат өндіруші елден, дайын өнім шығаратын өндірістік мемлекетке айналу болып отыр.