102 жастағы қария Джордж Страусман белсенді өмір салтын жалғастырып, тіпті керамика жасаумен де айналысып жүр. Ол шамамен 10 жылдан бері гончарлық өнерді үйреніп, сонымен қатар отбасылық құрылыс бизнесінде аптасына төрт күн жұмыс істейді, деп хабарлайды kznews.kz People басылымына сілтеме жасап.
CBS News мәліметінше, ол АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Лонг-Айлендтегі Great Neck Free Union School District білім беру бағдарламасы аясында керамика сабақтарына қатысады. Страусман бұл істі бала кезінен қолмен жұмыс істеуге үйренгенімен байланыстырып, оны қызықты әрі еңбекті қажет ететін хобби деп санайды.

Қарияның танымал болуы немересі Франческа Риеттидің әлеуметтік желілерде атасының күнделікті өмірі туралы видеолар жариялауынан кейін артқан. Бұл роликтерде оның күн тәртібі көрсетіледі: поэзия сабақтары, керамика, жақындарымен кездесулер. Видеолар TikTok-та кең тарап, қартайған шағында да белсенді өмір сүріп жүргені үшін көпшіліктің ықыласына ие болған.
Бір сұхбатында ол керамика сабағында көбіне топтағы жалғыз ер адам болатынын айтып, бұл ортаны жақсы көретінін жеткізген.
Washington Post деректеріне сәйкес, ол бұрын тенниспен де айналысқан және 90 жасына дейін спортпен шұғылданған, бірақ кейін физикалық жүктемеге байланысты тоқтатқан. Қазір ол сабақтарға тұрақты түрде қатысады — кейде офлайн, кейде онлайн форматта.
Білім беру бағдарламасының өкілдері оның қатысуы басқа студенттерге шабыт беріп, белсенді ұзақ өмір сүрудің үлгісін көрсететінін атап өткен.