KZNEWS.KZ
Шоу-бизнес

"Өткенімді емес, болашағымды әдемі етуді таңдадым": Дариға Бадықова тойдан кейін әсерлі жазба жариялады

• Айгерім Асылова
Фото: ашық дереккөз

Өнер иесі өткен өмірі, бақытқа деген сенімі мен болашаққа деген көзқарасы туралы сыр шертті, деп хабарлайды kznews.kz

Актриса өмірінде қандай қиындықтар болса да, өткенге байланып қалмай, алға ұмтылуды таңдағанын жеткізді.

“Мен өткен өмірімді жария етпесем де, өткенім туралы ән айтпасам да, басымнан өткен тағдырымды киноға айналдырмасам да, өз тарихым бар! Мен өткеніммен өмір сүргім келмейді. Мен тек алға жылжуды таңдадым. Жақсы күндердің келетініне сендім. Бақыттың да, махаббаттың да, ғажайып сәттердің де маған бұйыратынына сендім”, – деп жазды актриса.

Дариға Бадықованың айтуынша, көптен күткен бақытты күндерінің бірі өміріндегі ерекше естелікке айналған. Тіпті сол қуанышты сәттің құрметіне өзіне арнайы ән арналған.

“Сол сенімімнің сыйындай болып, өміріме осындай ғажап күн келді. Сол күннің құрметіне маған ән арналды. Бұл ән – бүгінімнің бақыты. Бұл ән жараланған жүректің зары емес, қайта бақытқа сенген жүректің жеңісі”, – деді ол.

Өнер иесі жазбасының соңында өткенге қайта оралғысы келмейтінін айтып, ендігі өмірін тек жақсылықпен байланыстырғысы келетінін жеткізді.

“Менің өткен өмірім жоқ. Менің тек бүгінім мен келешегім бар! Өйткені мен өткенімді әңгіме етуді емес, болашағымды әдемі етуді таңдаған әйелмін”, – деп түйіндеді актриса.

Сондай-ақ Дариға Бадықова өзіне ән арнаған жары Олжас Абайға алғысын білдірді.

Айгерім Асылова
Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.
Автордың басқа материалдары →