Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желілерде және жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында өтініш берген барлық азаматтарға әлеуметтік көмек автоматты түрде тағайындалады деген шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтің таралуына байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Әлеуметтік көмек – мемлекеттің атаулы қолдау шарасы және белгіленген мұқтаждық критерийлеріне сәйкес келетін, қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға ғана көрсетіледі. Көмек тағайындау қолданыстағы заңнамада және мәслихаттардың шешімдерінде айқындалған негіздер бойынша жүзеге асырылады, белгіленген талаптарға сәйкестігі құжат жүзінде расталған жағдайда ғана мүмкін болады. eGov порталы арқылы өтініш беру – әлеуметтік көмекке жүгінудің бір тәсілі ғана және оның автоматты түрде тағайындалуына кепілдік бермейді", - делінген хабарламада.
Көмек алушы санаттардың тізбесі, көмекті көрсету шарттары және қажетті құжаттар тізімі әр өңірде мәслихаттар тарапынан жеке-жеке бекітіледі және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында орналастырылады.
Барлық түскен өтініштер жергілікті атқарушы органдарда белгіленген тәртіппен қаралады.
"Азаматтарды ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырамыз.Жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз", - дейді министрліктен.