Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Өскемен қаласы әкімінің әрекетсіздігін заңсыз деп тану және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты уақтылы хабардар етуге міндеттеу туралы әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Соттың мәліметінше, істі қарауға дайындық барысында жүргізілген татуластыру рәсімдерінің нәтижесінде тараптар өзара келісімге келген. Сот келісімнің заң талаптарына сәйкес келетінін анықтап, оны бекітті.
Бекітілген келісімге сәйкес, Өскемен қаласының әкімі 2026 жылғы 30 шілдеге дейін қауіпті өндірістік нысандарда техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде тұрғындарды хабардар етуге арналған міндетті регламентті әзірлеп, бекітуі тиіс.
Құжатта халықты жедел құлақтандыру, оқиғаға қатысты ақпарат нақтыланған сайын оны кезең-кезеңімен жариялау, жаңа мәліметтер түскен жағдайда тұрғындарды қайта хабардар ету, сондай-ақ ресми интернет-ресурстар мен бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, барлық қолжетімді байланыс арналары арқылы ақпарат тарату көзделген.
Татуласу келісімі бекітілгеннен кейін талап қоюшы өз талаптарынан бас тартты. Осыған байланысты әкімшілік талап қайтарылды.
Сот ұйғарымы әзірге заңды күшіне енген жоқ.