Танымал комик Нұрлан Сабуров Ресейде уақытша тұруға ықтиярхат (ВНЖ) алуға талпынғанымен, қажетті тестілеуден өте алмаған. Бұл туралы Telegram-дағы Mash арнасы хабарлады.
Арнаның мәліметінше, Сабуров құжат рәсімдеуге салық мәселелеріне байланысты қауіптеніп барған. Ол өзін блогер әрі инфлюенсер Елена Блиновская секілді жағдайға тап болып қалудан сақтанған. Еске салайық, Блиновская салықтан жалтарды және табысын шетелге шығарды деген айыппен ұсталған болатын.
Mash дерегіне сүйенсек, Нұрлан Сабуров 2024 жылы жылдық табысы ретінде 50 миллион рубльден астам қаражатты декларациялаған. Осы себепті ол Ресейде заңды мәртебесін нығайтуды көздеген.
Ықтиярхат алу үшін комик Ресей тарихы бойынша міндетті тест тапсыруға барған. Алайда сынақтан өте алмаған. Арна жазуынша, Сабуров бұл емтиханды басқа да азиялық азаматтармен бірге тапсырып, ұзақ уақыт әуреге түскенмен, қажетті балл жинай алмаған.
Ал оның жары Диана Сабурова бұл сынақтан сәтті өткен. Ол Ресейде ықтиярхат алуға қажет құжатты рәсімдеп алған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Нұрлан Сабуровтың өзі бұл ақпаратқа қатысты ресми пікір білдірмеген.