Ресейдің Тува Республикасы Қызыл қаласында із-түзсіз жоғалған екі мектеп оқушысының ісі бойынша тергеушілер үш негізгі болжамды қарастырып жатыр. Бұл туралы Ресей Тергеу комитетінің Тува Республикасы бойынша тергеу басқармасының басшысы Константин Столбин мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда тергеу үш ықтимал нұсқаға басымдық беріп отыр. Олар – қыздардың суға кетуі, өз-өзіне қол жұмсауы немесе оларға қатысты заңсыз әрекеттердің жасалуы.
"Қазіргі уақытта балалардың із-түзсіз жоғалуына байланысты үш негізгі нұсқаны қарастырып жатырмыз. Олар – суға кетуі мүмкін, оларға қатысты қылмыстық әрекет жасалуы мүмкін немесе өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Тергеу осы нұсқалардың барлығын жан-жақты тексеруде", – деді Константин Столбин.
Оның сөзінше, тергеушілер қыздардың жүрген бағыты бойынша орнатылған 16 бейнебақылау камерасының жазбаларын зерттеп шыққан.
Сонымен қатар көп куәгерден жауап алынған. Олар қыздарды соңғы рет қай жерде, қандай киіммен көргендерін айтып берген. Тергеу органдары жиналған барлық мәліметті мұқият саралап, тексеруді жалғастырып жатыр.