Оқу бағдарламасындағы өзгеріс: келешектің қамы ма, әлде кезекті реформа ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Оқу бағдарламасындағы өзгеріс: келешектің қамы ма, әлде кезекті реформа ма?

Оқу бағдарламасындағы өзгеріс: келешектің қамы ма, әлде кезекті реформа ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептердегі білім беру бағдарламасына тағы бірқатар өзгерістер енгізілмек. Бұл жолы жаңашылдықтар тек жаңа пәндерді енгізумен шектелмейді екен.

Жаңарту бойынша оқу жүктемесін қайта қарау, бастауыш білімнің мазмұнын жаңарту, құқықтық сауаттылық пен қауіпсіздік мәдениетін күшейту сияқты бағыттар да қамтылып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында таратып айтқан болатын.

- Халықтық Конституцияны жүзеге асыру аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру жүйесінің сапасын түбегейлі жетілдіру жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Қазіргі әлем бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгеруде. Жасанды интеллект технологияларының дамуы, цифрландыру, еңбек нарығының түбегейлі өзгеруі және жаңа экономиканың қалыптасуы білім беру жүйесіне мүлде жаңа талаптар қоюда. Осындай жағдайда білім беру жүйесінің ең басты міндеті – сыни ойлайтын, өзгерістерге тез бейімделетін, үздіксіз білім алуға дайын, технологияларды тиімді қолданатын, заңға бағынатын және елдің дамуына жауапкершілікпен қарайтын азамат тәрбиелеу, - дейді өз сөзінде Оқу-ағарту министрі.

Жалпы, білім саласындағы кез келген реформа қоғамның ерекше назарында болатыны белгілі. Сондықтан жаңа өзгерістердің мәні мен олардың ықтимал нәтижесіне жан-жақты баға беру маңызды.Ең елеулі жаңалықтардың бірі 5-7-сыныптарға «Конституция негіздері» пәнінің енгізілуі болып отыр. Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары «Заң және тәртіп» пәнін оқиды. Бұл шешім құқықтық мемлекет құру қағидаттарын мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыруға бағытталғаны байқалады. Соңғы жылдары қоғамда заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсінікті кеңейту мәселесі жиі көтеріліп келеді. Сондықтан балалардың Конституцияның негізгі қағидаларын, мемлекеттік билік жүйесін, азаматтық жауапкершілікті ерте жастан меңгеруі – уақыт талабы.

Сонымен бірге бұл бастамаға қатысты бірқатар сұрақ та туындайды. Мысалы, 11–14 жастағы оқушыларға мұғалімдер Конституцияны қандай әдіспен түсіндіреді? Пән теориялық сипатта өте күрделі болып кетпей ме? Егер сабақтар тек заң баптарын жаттатумен шектелсе, оның тиімділігі төмен болуы мүмкін ғой. Керісінше, балалардың күнделікті өмірінде кездесетін жағдайлар, құқықтары мен міндеттері, киберқауіпсіздік, буллинг, тұтынушы құқығы, қоршаған ортаны қорғау секілді өмірлік мысалдар арқылы оқытылса, жаңа пәннің тәрбиелік және практикалық маңызы әлдеқайда арта түсер еді.

Сондай-ақ, 5–11-сыныптарға міндетті түрде енгізілетін «Жеке қауіпсіздік» пәні де қазіргі заман талаптарына сай қабылданған шешімдердің бірі. Қазіргі қоғамда балалар жол қозғалысы ережелерін ғана емес, интернеттегі қауіпсіздік, төтенше жағдайларда әрекет ету, алғашқы медициналық көмек көрсету, қаржылық алаяқтықтан сақтану сияқты өмірлік маңызды дағдыларды меңгеруі қажет. Мұндай білім олардың күнделікті өмірінде нақты пайдасын тигізеді.

Бағдарламадағы тағы бір назар аударарлық өзгеріс 8–9-сыныптар үшін «Қазақстан географиясы» пәнінің қайта енгізілуі болса керек. Бұл шешім құптарлық. Елдің табиғи ресурстары, өңірлік ерекшеліктері, экономикалық әлеуеті мен экологиялық мәселелері туралы терең білім жастардың туған жерге деген құрметін арттырып қана қоймай, ел экономикасы мен аймақтық даму үдерістерін түсінуіне ықпал етеді.

Айтпақшы, бастауыш білім беру бағдарламасының жаңартылуы да маңызды өзгерістердің қатарына жатады. Оқу жүктемесін азайту, бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңін енгізу, математиканы практикалық бағытта оқыту, «Әліппе» мен ана тілін меңгеруге қосымша уақыт бөлу сияқты шешімдер білім беру сапасын арттыруға бағытталған қадам екені анық. Әсіресе, соңғы жылдары ата-аналар мен педагогтер бастауыш сынып оқушыларына түсетін жүктеменің шамадан тыс көптігін жиі айтып жүрген еді. Бұл тұрғыдан алғанда өзгерістер қоғам сұранысына жауап береді.

Дегенмен, елдегі білім жүйесінде тағы бір маңызды мәселе бар. Соңғы жиырма жылда оқу бағдарламалары мен білім беру стандарттары бірнеше мәрте өзгерді. Әрбір жаңа реформа игі мақсатты көздегенімен, олардың барлығы бірдей күткен нәтижені бере қойған жоқ. Мұғалімдер де жаңа талаптарға бейімделуге уақыт жоғалтады, ал ата-аналар балалардың үнемі өзгеретін жүйеге икемделуіне алаңдайды.

Сондықтан бұл жолғы реформаның табысы жаңа пәндердің санына емес, олардың мазмұны мен оқыту сапасына байланысты болады. Егер бағдарламалар жас ерекшелігіне сай әзірленіп, сабақтар өмірмен тығыз байланыстырылса, оқушылардың құқықтық мәдениеті, азаматтық жауапкершілігі мен қауіпсіздік дағдылары шынымен де арта түсуі мүмкін.

Түйіндеп айтқанда, білім беру саласындағы өзгерістердің түпкі мақсаты жаңа пәндерді көбейту емес, өмірден өз орнын таба алатын, заңды құрметтейтін, сыни ойлайтын әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу екені естен шықпауға тиіс. Осы міндет жүзеге асқанда ғана кезекті реформа өзінің нақты нәтижесін береді.

Автор
Гүлжан Амангелдіқызы

журналист-жазушы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. «Арай +» телеарнасында, «Қазақстан - Атырау» телеарнасында редактор, «Жетісу Университеті», «Нұрлы өлке» газеттерінде тілші және Baq.kz, Inbusiness.kz, El.kz ақпараттық порталдарында фрилансер болған.