Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль 2024 жылғы желтоқсандағы бүлік ісі аясында өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді Сеулдің Орталық аудандық соты шығарды, деп хабарлайды Kznews.kz.
Бұл бап бойынша заңда екі-ақ жаза қарастырылған: өлім жазасы немесе өмір бойғы түрме. Прокуратура экс-президентке өлім жазасын тағайындауды сұрағанымен, елде 1997 жылдан бері өлім жазасын орындауға мораторий бар.
Тергеу дерегінше, Юн Сок Ёль 2024 жылғы желтоқсанда Конституция талаптарын бұза отырып әскери жағдай енгізіп, бүлік ұйымдастырды деген айыпқа ілінген. Құзырлы органдар оның мақсаты “саяси қарсыластарын жаншуға” бағытталған болуы мүмкін деп топшылайды. Ал 2025 жылғы сәуірде Конституциялық сот әскери жағдай енгізу елдің негізгі заңына қайшы екенін айтып, осы негізде Юн Сок Ёльді қызметінен шеттеткен.
Осы іс бойынша экс-қорғаныс министрі Ким Ён Хёнге де үкім шықты: ол 30 жылға сотталды.
Бұған қоса, Юн Сок Ёль қазір сегіз сот ісі бойынша айыпталушы ретінде қатысып жүр. Соның төртеуі әскери жағдай енгізуге қатысты. Ал бөлек бір іс бойынша ол 2025 жылғы қаңтарда президент күзеті мен құқық қорғау органдарының қақтығысы кезінде қамауға алуға кедергі келтірді деген айыппен биыл қаңтарда 5 жылға сотталған еді.