Экономикада өнеркәсіп өндірісінің индексі ұғымы бар. Бұл белгілі бір кезеңде өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемін бұғанға дейінгі жылдың немесе базалық кезеңнің сәйкес мерзімімен салыстыра сипаттап, қаншалықты өзгергенін көрсететін статистикалық көрсеткіш.
Яғни, атқарылған істің нәтижесін салыстырмалы түрде бағалау үрдісі. Осы әдісті қолдану статистикаға елдегі өсім мен алға жылжудың ара-жігін ажыратып, таразылауға мүмкіндік береді.
Енді осы ұғым бойынша еліміздің еліміздің өнеркәсіп өндірісінің индексіне назар аударайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстанның өнеркәсіп өндірісінің индексі 102,5 пайызды құраған. Ал өсімнің негізгі драйвері өңдеу өнеркәсібі болса, кен өндіру саласында керісінше құлдырау байқалған.
Статистикалық деректерге сәйкес, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Сонымен қатар электр энергиясы, газ, бу және ыстық су өндіру мен жеткізу саласында өсім 9,2 пайызды, ал сумен жабдықтау, кәріз жүйелері және қалдықтарды өңдеу секторында 12 пайызды құрады.
Ал кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеру саласында өндіріс көлемі 5,2 пайызға төмендеді. Бұған негізінен шикі мұнай өндірудің 10,2 пайызға және табиғи газ өндірудің 8,7 пайызға қысқаруы әсер еткен. Қаңтар–мамыр айларындағы кен өндіру саласының өнеркәсіптік өндіріс индексі 94,8 пайыз болды.
Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде бірқатар бағыттар айтарлықтай серпін көрсетті. Азық-түлік өндірісі 14,3 пайызға, сусындар өндірісі 5,1 пайызға өсті. Фармацевтикалық өнімдер шығару көлемі 26,6 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 24,9 пайызға, металл емес минералдық өнімдер өндірісі 18,7 пайызға артты. Ең жоғары өсім дайын металл бұйымдарын өндіруде тіркеліп, көрсеткіш 46,6 пайызға жетті. Машина жасау саласы да қарқынды дамып, өндіріс көлемі 22,2 пайызға ұлғайған.
Энергетика секторында да оң динамика байқалады. Электр энергиясын өндіру, беру және тарату көлемі 1,7 пайызға өсті. Құбырлар арқылы газ тәрізді отын жеткізу көлемі 14,9 пайызға артса, бу, ыстық су және кондиционерленген ауа беру қызметтері 34,1 пайыздық өсім көрсеткен.
Өңірлер арасында ең жоғары өсім Алматы облысы, Жамбыл облысы, Жетісу облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы және Түркістан облысы өңірлерінде, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында тіркеліп отыр.
Тоқетерін айтқанда, өнеркәсіптегі қазіргі өсім құрылымдық тұрғыдан өңдеу секторына арқа сүйеп отырғаны байқалады. Бұл ел экономикасының шикізатқа тәуелділігін біртіндеп азайтуға мүмкіндік бергенімен, мұнай мен газ өндірісінің төмендеуі жалпы өнеркәсіп қарқынын тежейтін негізгі факторлардың бірі болып қала береді.
Сондықтан алдағы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің қарқынын сақтау және кен өндіру секторындағы төмендеуді тоқтату атқарушы билік үшін экономикалық саясаттың маңызды міндеттерінің бірі болмақ.