Жаңалықтар

Өнер әлемі қара жамылды: Асанәлі Әшімов 88 жасқа қараған шағында өмірден өтті

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
Өнер әлемі қара жамылды: Асанәлі Әшімов 88 жасқа қараған шағында өмірден өтті

Қаралы хабарды ақын Маралтай Райымбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

"Ақ туың жығылды ғой, Алашым-оу!", – деп жазды Маралтай Райымбекұлы.

Асанәлі Әшімов – кеңестік және қазақстандық кино мен театр өнерінің аса көрнекті өкілі, ұлттық мәдениеттің ірі тұлғасы. Ол актерлік шеберлігімен ғана емес, режиссерлік, педагогикалық еңбегімен де қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Асанәлі Әшімов 1937 жылғы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген.

Өнер иесінің шығармашылық жолы қазақ театры мен киносының қалыптасу, кемелдену кезеңдерімен тығыз байланысты. Ол сахна мен экранда терең психологиялық, күрделі образдар жасап, бірнеше буын көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленді. Әшімовтің актерлік мектебі – шынайылыққа, ішкі драматизм мен көркемдік дәлдікке негізделген ерекше құбылыс ретінде бағаланады.

Сонымен қатар ол режиссер ретінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, ұлттық театр эстетикасының дамуына ықпал етті. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған Асанәлі Әшімов жас актерлерге тәлім-тәрбие беріп, қазақ актерлік дәстүрінің сабақтастығын сақтауға еңбек сіңірді. Ол профессор дәрежесіне ие болып, өнер жолындағы мол тәжірибесін шәкірттеріне арнады.

Өмірінің соңғы кезеңіне дейін Асанәлі Әшімов Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі ретінде ұлттық театрдың көркемдік бағытын айқындауға атсалысып келді.

Өнердегі ерен еңбегі жоғары бағаланған Әшімовке 1976 жылы "Қазақ КСР халық әртісі", 1980 жылы "КСРО халық әртісі" атақтары берілді. Ол сондай-ақ Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО мемлекеттік сыйлығының (1974) лауреаты атанды. 2017 жылы Асанәлі Әшімовке елдегі ең жоғары марапаттардың бірі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы табысталды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz