KZNEWS.KZ
Экономика

Өңдеу мен жөндеу: отандық өнеркәсіп 58,5 трлн теңгенің өнімін өндірді

Фото: ашық дереккөздерден

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өндіріс көлемі бойынша Атырау облысы көш бастап тұр. Он айда өңірде 14,3 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Одан кейін Қарағанды облысы - 4,7 трлн теңге, Павлодар облысы - 3,7 трлн теңге, Астана қаласы - 3,4 трлн теңге және Маңғыстау облысы - 3,3 трлн теңге көрсеткіштерімен орналасқан. Бұл өнеркәсіп өндірісінің негізгі бөлігі әлі де дәстүрлі индустриялық және мұнай-газ өңірлерінде шоғырланғанын көрсетеді.

Жалпы, өсім қарқыны бойынша Жетісу облысы алға шықты. Мұнда өнеркәсіп өндірісі 29,9 пайызға артқан. Түркістан облысында өсім 23,8 пайыз, Алматы қаласында 21,5 пайыз, Алматы облысында 19,4 пайыз, Жамбыл облысында 17,8 пайыз болды. Шымкентте 13,3 пайыз, Солтүстік Қазақстан облысында 12,7 пайыз, Астанада 11,6 пайыз өсім тіркелген. Сондай-ақ, Павлодар облысында өсім 8,2 пайыз, Ұлытау облысында 7,7 пайыз, Қызылорда облысында 6 пайыз, Маңғыстау облысында 4,4 пайыз, Қарағанды облысында 4,3 пайыз, Қостанай облысында 2 пайыз, Абай облысында 1,9 пайызды құрады. Жалпы, өнеркәсіп өндірісінің индексі елдің 20 өңірінің он алтысында өскен.

Статискалық деректер өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс индексі 109,3 пайызға жетіп, 9,3 пайыз өсім көрсеткенін айтады. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп 59,5 пайызға, фармацевтика өндірісі 50,9 пайызға, машина жасау 22,2 пайызға, химия өнеркәсібі 21,9 пайызға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 18,1 пайызға өскен. Автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің индексі 130,5 пайызды құраса, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар өндірісі 83,6 пайызға артқан.

Ал тау-кен өндіру өнеркәсібінде керісінше төмендеу байқалды. Саладағы өндіріс индексі 96,6 пайызды құрап, 3,4 пайызға азайған. Электрмен жабдықтау, газ және бу беру саласында өсім 11,3 пайыз, сумен жабдықтау, су бұру және қалдықтарды басқару секторында 8,9 пайыз болды.

Бұл өнеркәсіп статистикасы өңдеу саласындағы белсенділіктің артып, бірқатар өңірлерде өндіріс қарқыны күшейгенін көрсетеді. Дегенмен өндіріс көлемінің ұлғаюы экономиканың шикізатқа тәуелділігі азайды дегенді білдірмейді. Өнеркәсіп өсімінің сапасын бағалау үшін дайын өнім үлесі, қосылған құн, экспорттық әлеует, еңбек өнімділігі және инвестиция көлемі сияқты көрсеткіштер де маңызды.

Жалпы өндіріс көлемі ұлғайғанымен, Қазақстан өнеркәсібінің құрылымдық өзгерісі мен өңдеу саласының экономикадағы нақты үлесін бағалау алдағы кезеңдегі негізгі мәселелердің бірі болып қала береді.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →