Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында бала кезінде жасаған бір әрекеті үшін әкесінен қатты таяқ жеп, өмірлік сабақ алғанын айтып берді, деп хабарлайды Kznews.kz.
Ақынның айтуынша, бала күнінде әкесімен бірге базарға барған кезде көзіне ерекше көрінген жасыл түсті сағатқа қызығып, оны білдіртпей алып қоймақ болады. Алайда саудагер байқап қалып, жағдай сол сәтте-ақ ашылып қалған.
«Бала күнімде әкеммен бірге базарға бардым. Сол жерде жасыл түсті сағат сатылып тұр екен. Бұрын ондайды көрмеген соң қатты ұнап қалды. Қойдың жағын ойыншық қылып жүрген кезім ғой, ерекше көрінді. Содан байқатпай алып қойдым. Саудагер көріп қалып, “балам, орнына қой, ол сатылатын зат” деді. Әкем алдыда келе жатқан, артына жалт бұрылып, бірден астына түс деді. Сауда үйінің төменгі қабатына түскеніміз сол еді, ештеңе түсіндірместен шапалақпен тарс еткізді. “Өміріңді түрмеде өткізгің келіп жүр ме?!” деп зекіді. Осы сөз есімнен шықпай қалды», – дейді ақын.
Оқиға мұнымен бітпеген. Үйге келген соң анасының да ренішке толы сөзі көңіліне қатты тигенін айтады.
«Әкем жұмысқа кеткен. Таңертең шай ішіп отырғанда анам: “Жандарбек, кеше сағат ұрлапсың ғой? Денің сау ма өзі?!” деді. Бұл сөз кешегі таяқтан да қатты тиді. Кішкентай болсам да, жерге кіріп кеткендей болдым. Бүкіл елге теледидардан көрсетіп жатқандай күй кештім», – деп еске алады Жандарбек.
Айтыскер ақын сөз соңында мұндай ұсақ әрекеттердің балалар арасында кездесуі мүмкін екенін, бірақ ата-ананың дер кезінде тоқтатып, дұрыс бағыт беруі аса маңызды екенін атап өтті.
«Көшеде жатқан ойыншықты алып келу, дүкеннен қалған 50-60 теңгені қалтасына салып алу – бұл балаларда кездесетін нәрсе. Бірақ ата-аналардың реакциясы әртүрлі. Біреулер мән бермей қоя салады, ол дұрыс емес. Ертең ол әдетке айналып кетуі мүмкін. Бүгін 50 теңге ұрласа, ертең 500 теңге, кейін қызметке барса, 500 миллиардқа дейін жетуі ғажап емес», – дейді Жандарбек Бұлғақов.