Жангелдин ауылындағы төрт адамнан тұратын отбасының өліміне қатысты сотта бүгін Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы куә ретінде жауап берді, деп kznews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы іске қатысты куәгерлерден жауап алу басталды. Жалпы іс бойынша 26 куәгер өтеді. Олардың 17-сінен түскі үзіліске дейін жауап алу жоспарланған.
Сот залына алғаш болып айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев шақырылды. Ер адам залға ақсаңдап кіргендіктен, судья оған отырып жауап беруге рұқсат берді.
Әкесінен жауап алу басталған кезде Сұлтан Сәрсемәлиев эмоциясын жасыра алмай, жылап жіберді. Судья оның жағдайын сұрағанда, адвокаты қысқа ғана "толқып отыр" деп жауап берді.
Соттың сұрақтарына жауап берген әкесі ұлын сабырлы, отбасына жақын адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Сұлтан темекі шекпеген, насыбай атпаған, құмар ойынға әуес болмаған және жанжалдан бойын аулақ ұстауға тырысқан.
"Ол отбасын ойлайтын. Жауапты адам болды", – деді куә.
Сонымен қатар Самиғолла Сәрсемәлиев ұлын толық ақтауға тырыспайтынын да айтты.
"Сот кімнің кінәлі екенін анықтап, бұл іске нүкте қояды деп үміттенемін", – деді ол.
Куә болған оқиғаны әлі күнге дейін толық түсіне алмай жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, ол ұлының мұндай ауыр қылмысқа баруы мүмкін екеніне сенбейді.
Айыпталушының әкесі немерелерін жиі көріп тұратынын да айтты. Оның сөзінше, балалардың бірі қазір сәбилер үйінде, тағы төртеуі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында.
Жауап алу кезінде ол Сұлтан мен бұрынғы әйелі Ақбаянның арасына басқа адамдар араласқан болуы мүмкін деген ойын да айтты. Осы кезде судья мұндай жағдай адам өлтіруге себеп бола ала ма деп нақтылады.
"Олай ешкім ойламайды және ешкім бұлай айтпайды", – деді куә.
Ол қазіргі уақытта жас отбасылардың ата-анадан бөлек тұруды жиі таңдайтынын, мұның қоғамда қалыпты құбылысқа айналғанын да атап өтті.
Самиғолла Сәрсемәлиев ұлының балалық шағында психологиялық жарақат немесе ауыр күйзеліс болмағанын айтты. Сондай-ақ ол Сұлтан мен Ақбаян Мұқанғалиеваның арасында көзге көрінетін үлкен жанжалдарды байқамағанын жеткізді.
"Мен оның Ақбаянға қол көтергенін немесе дөрекі сөйлегенін ешқашан көрген емеспін", – деді айыпталушының әкесі.
Судья ерлі-зайыптылар бұрын тату тұрған болса, кейін араларында не болуы мүмкін екенін сұрағанда, куә мұны тұрмыстық келіспеушілік болуы ықтимал деп түсіндірді.
"Қазақта ерлі-зайыптының арасына бөтен адам түспейді дейді", – деді ол.
Айыпталушының әкесі 2025 жылдың қараша және желтоқсан айларындағы оқиғалардан бейхабар болғанын айтты. Марқұмдардың туыстары Мұқанғалиевтер отбасымен байланыса алмай жүргенін, үйлерінен ешкімді таппағанын айтқанда, ол жамандық болды деп ойламаған. Бұрынғы құдалар басқа жаққа кеткен шығар деп топшылаған.
Кейін оған Сұлтан мен Ақбаян Өзбекстанда жүр деген ақпарат жеткен. Шын мәнінде не болғанын тек біраз уақыт өткен соң ғана білгенін айтты.
Куәнің сөзінше, ол Мақсотты соңғы рет қызын алып кетуге келген күні көрген. Сол кезде ол жастарды бөлек тұрмауға көндірмек болған, бірақ оның кеңесіне құлақ аспаған.
Одан кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Азмұханова куә ретінде шақырылды. Ол сот сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Осыған байланысты судья оның тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Әйел бұл жауаптарын толық растады.
Сот залынан шығар алдында Гүлнар Азмұханова ұлына сөз айтуға рұқсат сұрады. Ол Сұлтанға бес баласы бар екенін және қандай жағдай болса да, олар үшін әке болып қала беретінін айтты.
"Сен бұл өмірдің қуанышын көрмедің. Өмір бойы күресіп келдің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Мен балаларыңа олардың әкесі бар екенін айтып отырамын", – деді анасы.
Сот процесі жалғасып жатыр.