Атырау облысындағы трагедияның мән-жайын зерттеуге барған журналист Жанат Молдашова желідегі парақшасында видео жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
Ол Instagram желісіндегі ресми парақшасында Сұлтан Сәрсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның жалдап тұрған үйлерін көрсетті.
"Күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен әйелі Ақбаян Мұқанғалиева осы үйді жылдан астам жалдап тұрған. 5 қараша Жангелдин ауылынан Мейрамгүл Қарабалиеваны алып шыққан қыз-күйеу осында келген деген болжам бар", – деп жазды журналист.
Еске сала кетейік, Атырау облысының Полиция департаменті 6 қаңтар күні Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылы тұрғындарының өліміне қатысты күдіктіге ресми іздеу салды. Қылмысқа күдікті ретінде отбасының 29 жастағы күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемәлиев аталды. Құқық қорғау органдары бұл іске басқа тұлғалардың қатысы бар-жоғын да тексеріп жатыр.