Бүгін, 5 қазанда Атыраудағы «Гранд Атырау» тұрғын үй кешенінде лифтке қатысты төтенше жағдай болды. Оқиға кезінде оның ішінде төрт адам болған. Үш тұрғын медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алғашқы мәлімет бойынша, Құлманов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйде адамдар лифт шахтасына құлағаны туралы хабарлама түскен.
«Атырау қаласы, Құлманов көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдегі лифт шахтасына адамдардың құлағаны туралы ақпарат келіп түсті», – деп хабарлады ведомство.
Кейін қала әкімінің баспасөз қызметі оқиғаның нақты мән-жайын түсіндірді. Мәліметке сәйкес, тұрғын үй кешенінің «Б» блогында, Құлманов көшесі, 1Б мекенжайында лифт үшінші қабаттан апаттық жағдайда төмен түскен.
Оқиға болған сәтте лифт кабинасында төрт тұрғын болған.
«Оқиға кезінде лифт ішінде төрт адам болған. Үш тұрғын жедел жәрдем бригадасымен медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың жағдайы қанағаттанарлық. Бір тұрғын медициналық көмек алудан бас тартты», – деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнына Атырау қаласының әкімі Данияр Таханов та барды. Қала әкімі тұрғындармен және жауапты қызметтердің өкілдерімен кездесіп, жағдайды өз бақылауына алды.
Әкім жауапты мамандарға лифттің апаттық жағдайда төмендеуіне себеп болған мән-жайларды жедел анықтауды тапсырды. Сонымен қатар қала аумағындағы барлық лифттердің техникалық жағдайын толық тексеріп, олардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалау міндеттелді.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр. Апаттың мән-жайын зерделеу және лифттердің қауіпсіздігін тексеру жұмыстары қала әкімінің жеке бақылауында.