Айтыскер ақын Айтақын Бұлғақов ауыр дертке шалдыққаннан кейінгі өміріндегі ең қиын кезеңдерді еске алып, Үндістанда қалай ем қабылдағанын баяндады, деп хабарлайды kznews.kz, Bairaq_Media-ға сілтеме жасай отырып.
Ақын бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, күтпеген жерден ауыр сырқатқа шалдыққанын айтты. Оның сөзінше, бұл хабарды естіген сәтте отбасы үшін өте ауыр кезең басталған.
«Ойламаған жерден жаман дерт келіп жабысты. Бұл хабарды естіген сәтте төбемізден жай түскендей күй кештік. Отбасымды үрей билеп, әр күніміз үміт пен күдіктің арасында өтті», - деп жазды ол.
Айтақын Бұлғақов дәл осындай сын сағатта жанынан табылған жақындарына алғыс айтып, олардың қолдауының арқасында Үндістанда екі жарым ай бойы ем қабылдағанын жеткізді.
Ақынның айтуынша, Алланың қалауымен, дәрігерлердің еңбегі мен туған-туыстарының ақ тілегінің арқасында аурудың беті қайтып, бүгінде әрбір атқан таңның қадірін бұрынғыдан да терең сезінетінін айтты.
Сондай-ақ ол Үндістанда емделіп жатқан кезінде көкейіне түйген ойларын қағазға түсіріп, оқырманға жеткізуді жөн көргенін де атап өтті.
«Осындай қиындықта жанымнан табылған перзенттеріме, маған дұға тілеген барша ағайынға шексіз алғысымды білдіремін. Алла ешкімге мұндай сынақ бермесін», - деді Айтақын Бұлғақов.