Шоу-бизнес

"Обыр жеңді": Қазақстанның театр және кино актрисасы қара жамылды

Дархан Тоқан Дархан Тоқан
"Обыр жеңді": Қазақстанның театр және кино актрисасы қара жамылды
Татьяна Турлай — Қазақстанның театр және кино актрисасы, блогер.

Танымал актриса әрі блогер Таня Турлай әкесінің өмірден өткенін хабарлады. Қаралы жаңалықты ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, деп жазды Ozgeris.info.

Өнер иесі суық хабарды өз жазбасында жүрекке ауыр сөздермен жеткізген. Айтуынша, әкесі оған өмір бойы тірек болып, әзіл мен мейірімнің мәнін үйреткен жан. Марқұмның өмірі еңбекпен, қарапайым тіршілікпен өрілгенін де атап өтті.

«Әкем – мен үшін бұл дүниедегі ең мейірімді әрі ең күлкілі адам еді. Маған әзіл-оспақты үйреткен дәл осы кісі еді. Бүгін менің әкем жоқ. Ал мен оны шексіз жақсы көремін. Ол әлемдегі ең керемет әке болды. Менің беларусьтік әкем. Менің супер-механизаторым. Картопты жанындай жақсы көретін. Мейірбаным» - деді Таня Турлай.

Актрисаның айтуынша, марқұм әкесі обырға шалдыққан. Ол өткен жылы науқасы асқынып, отбасы қиын кезеңнен өткенін жасырмады. Сонымен бірге, соңғы сәтке дейін жанында болып, қоштасуға үлгергендерін де жеткізді.

«Ол қарапайым, адал, түсінікті ғұмыр кешті. Еңбек етті, күлді, өзіне тән жолмен, қолдан келгенше, бірақ бар жүрегімен сүйді. Жүздеген мың гектар жерге егін екті, тонна-тонна нан өсірді… Былтыр ол өте ауыр науқастанып қалды. Біз ешкімге тілемейтін жолдан өттік. Біз бәріміз бірдейміз… Сонда да соңғы демге ешқашан дайын болу мүмкін емес екен. Біз соңына дейін жанында болдық… Өмірде ең ауыр нәрсе – ең жақын адамыңның қалай кетіп бара жатқанын көру. Обыр жеңді», – деп жазды актриса жазбасында.

Марқұмның өмірін ұзартуға үлес қосқан дәрігерлерге, клиникаларға алғысын да білдірген. Әкесінің бала күніндегі естеліктерін қозғап, бірге өткізген сәттерін сағынышпен сипаттаған. Оны таныған жандардың «Сашка Турлайды» ұмытпайтынын айтып, әкесінің адамгершілік болмысын ерекше атап өтті.

«Әкемнің өмірін ұзартуға көмектескен керемет адамдар, дәрігерлер мен клиникалар өте көп болды. Біз бірге болуға, қоштасуға үлгердік… Әкем мені орманға саңырауқұлақ теруге апаратын. Тракторға мінгізіп қыдыртатын. Мені күлдіретін. Ал менің бала күнімде алғаш рет лезгинка билегенімді көргенде, аздап көңілі толқып: «Қызым, мен сенімен сондай мақтанамын!» деп айтып, кейін жылап жібергені бар. Ол бізді өте қатты жақсы көрді. Үнсіз, даңғазасыз, бірақ шынайы. Би билегенді, музыка тыңдағанды жан-тәнімен сүйетін. Сіздер біздің әкеміздің қаншалықты мейірімді, жарық жан болғанын елестете де алмайсыздар. Оны таныған әр адам Сашка Турлайды ешқашан ұмытпайды. Дядя Саша, Александр Иванович, Саня», – деді ол.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz