Жанар Айжанова "Мамский әңгіме" подкастына берген сұхбатында көпшілікке беймәлім жеке өміріндегі жағдайларды еске алды. Актрисаның айтуынша, қызы Айжұлдыз дүниеге келгеннен кейін оның жалғыз өспегенін, артынан ерген бауыры болғанын қатты қалаған. Кейін екінші рет отбасын құрғанымен, бұл арманы орындалмаған.
"Айжұлдыздан кейін артынан сіңлісі не інісі болса екен деп тіледім. Жалғыз болмаса екен деп ойладым. Кейін тұрмысқа шықтым, бірақ бұйырмады. Екінші күйеуіммен 20 жыл бірге тұрдық", – деді ол.
Өнер иесі ұзақ жылдар бойы бірге өмір сүрген жұбайымен ажырасу туралы шешімді бірден қабылдамағанын айтты. Бұл ой оның көкейінде біраз уақыт жүрген. Жанар Айжанованың сөзінше, қызы Айжұлдыз тұрмысқа шыққаннан кейін ол өз отбасылық өміріне қатысты түбегейлі шешім қабылдаған.
"Біраздан бері солай ойлап жүргенмін. Арамызда бала болмады. Әдетте кінәні әйелден іздейміз ғой. Сондықтан оның обалына қалмайын деп, бір күнде шешім қабылдап, екі жаққа кеттік", – деді актриса.
Әнші бұрынғы жолдасының өзіне дейін үйленбегенін де атап өтті. Сондықтан ол жұбайының болашақта әке атануына мүмкіндік бергісі келгенін жасырмады. Сонымен қатар актриса қоғамда ортақ баланың болмауына өзін кінәлаған адамдар аз болмағанын жеткізді. Дегенмен ол өзгелердің пікіріне қарамастан, бұрынғы күйеуіне тек жақсылық тілейтінін айтты.
"Екінің бірі менен көрді. Көрсе, көре берсін. Мен әлі күнге дейін сол кісі балалы болса екен деп тілеймін. Біреуге қастық ойлап, жақсылыққа жетпейсің. Ол – өте жақсы азамат. Бәрі Алланың қолында. Бізге ортақ бала бұйырмады, ал мен оның обалына қалғым келмеді", – деді Жанар Айжанова.
Өнер иесі ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайымен қарым-қатынасы қандай екенін де түсіндірді. Оның айтуынша, қазір екеуі жиі хабарласып, араласпайды. Алайда бір-біріне деген құрметі сақталған.
"Бүгінде араласпаймыз, бірақ сәлеміміз түзу. Жақында бір шаруаға байланысты сөйлестік. Онда тұрған не бар? Ересек адамдармыз", – деді ол.
Еске сала кетейік, Жанар Айжанова Республика күні қарсаңында "Құрмет" орденімен марапатталған еді.
Жанар Айжанова кім?
Жанар Мерғалиқызы Айжанова – қазақ эстрадасының танымал өкілі, әнші, айтыскер, актриса және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1968 жылы 6 ақпанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарасты Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.
Бала кезінен өнерге жақын өскен Жанар Айжанованың музыкаға деген қызығушылығының қалыптасуына анасы ықпал еткен. Ол 1995 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Өнер жолын әншілікпен бастаған Жанар Айжанова халық әндері мен эстрадалық шығармаларды орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ерекше дауысымен, сахнадағы еркіндігімен және көрерменмен тез тіл табыса білетін мінезімен танылды.
Әншілікпен қатар айтыс өнерінде де өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Тапқырлығы, өткір әзілі мен қазақы сөз саптауы арқылы көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болды.
Кейін актрисалық қырын танытып, түрлі кино және телевизиялық жобаларға қатысты. Әсіресе комедиялық рөлдері арқылы танымал болды. Оның шығармашылық өмірбаянында "Аппақ келін", "Bizdin show" секілді жобалар бар.
Жанар Айжанованың жеке өмірі де көпшіліктің назарында. Оның Айжұлдыз есімді қызы бар. Айжұлдыз Адайбекова да шығармашылық жолды таңдап, актриса, модель және дизайнер ретінде танылды. Өнер иесі сұхбаттарында отбасылық өмірі, ана болу бақыты, басынан өткен қиындықтар мен өмірлік шешімдері туралы ашық айтып келеді.
2020 жылы Жанар Айжановаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағы берілді.
Бүгінде ол әншілік және актерлік шығармашылығын жалғастырып жүрген өнер иелерінің бірі. Жанар Айжанова көпшілікке тек сахнадағы өнерімен ғана емес, ашық мінезімен, өткір пікірімен және шынайылығымен де таныс.