KZNews.kz
Жаңалықтар

«Неге дүрліктіріп жатырсыз?»: Жангелдинде жоғалған отбасының ұлы жазған соңғы хаттары белгілі болды

Дархан Тоқан
Коллаж: Qaz365.kz

Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасының туыстары олармен соңғы рет тек WhatsApp арқылы ғана байланыс орнағанын айтады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өз сарайынан өлі күйінде табылған Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Шылмағамбетова сол күндердегі хат-хабардың жай-жапсарын айтып берді. Оның сөзінше, қараша айының басында Наурыз есімді ұл әпкесіне үй ішіндегі жанжалдар туралы жазып, кейін байланыс мүлде үзілген. Туыстары алаңдап, қайта-қайта қоңырау шалғанда үйдегілердің ішінде тек Наурыздың ғана телефоны қосулы тұрғаны байқалған. Алайда ол телефон қоңырауына жауап бермей, көбіне хатпен ғана қысқа қайырып отырған.

«Дым қалдырмай уақ малдарын сатып жіберіпті деген соң, мен қайтадан Наурызға хабарластым. «Әй, Наурыз, не істеп жатырсыңдар? Уақ малдарыңды сатып жіберді деп айтып жатыр. Өздері жоқ деп айтады ғой. Қайда кеттіңдер?» дедім. Телефон соқтым ғой. Сосын ол маған былай деп жазды: «Апамды Ташкентке алып кеттік. Емдетуге» деді. Сосын тағы бір айналып, тағы соқтым. «Әй, Наурыз! Ташкентте қайда алып кеттіңдер? Больницада ма? Санаторияда ма? Қайда?» деп едім. «Ағайындарда, таныстың үйінде» деді. Телефонмен сөйлеспейді, «What’sApp»-пен жазады. Телефон соқсам, бірден жауап бермейді. Тағы айналып, тағы соқтым. «Әй, айналайын, не істеп жатырсыңдар?» дедім. «Жоқ. Апам деген массаж алып жатыр. Анализ тапсырып жатыр. Емделіп жатыр» деді. Сосын мен айттым: «Еліңде малың бар. Үйіңде газ жанып тұр. Тәтең мен Мейрамгүлді ауылға жібер. Сен мамаңның қасында бол. Емдет. Апаңның емі қашан бітеді?» дедім. «Желтоқсанның 10-ында ауылға шығамыз», – деді марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы.

Айта кетейік, ерлі-зайыптының өлімінен кейін олардың 33 және 35 жастағы балаларының қайда екені әлі белгісіз. Ал марқұмдардың күйеу баласы – 29 жастағы Атырау тұрғыны күдікті ретінде іздестіріліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып, туыстары «соңғы із біздегі хаттарда ғана қалды» дегенді айтып отыр.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары