Инвестиция рейтингі: еліміздің тартымдылығы 17 пайызға жоғарылады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Не айтқанымды істе, не жұмыстан кет!»: Жөндеу жұмысына бөлінген ақша кімнің қалтасында кептетіліп қалды?

«Не айтқанымды істе, не жұмыстан кет!»: Жөндеу жұмысына бөлінген ақша кімнің қалтасында кептетіліп қалды?
Фото: ЖИ

Сұмдық оқиға Петропавл төріндегі Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының қабырғасында орын алып, қалың бұқараның жағасын ұстатты. Мектептің білім ұясы емес, табалдырығынан бақ тайған қауіпті аймаққа айналғанын көрсететін бұл жайт адами құндылықтардың қаншалықты арзандап кеткенін паш еткендей, деп хабарлайды kznews.kz.

Спорт залын сырлап, қабырға мен төбені ретке келтіруге мәжбүр болған екі бірдей техникалық қызметкер шамамен бес метрлік биіктіктен құлап, ауыр жарақат алды. Ажал аузынан қалған әйелдердің бірі омыртқасынан көптеген сынық алып, қазір аурухана төсегіне таңулы күйде. Тайғанап кетіп аяқ асты науқас адамға айналған бұл аналарымыздың тағдыры біреудің бармақ басты, көз қысты әрекетінің құрбаны болғанын айғақтайды. Зардап шеккен әйелдің жиені Жанна Капарованың ашына айтқан сөзіне сенсек, шаруашылық меңгерушісі қызметкерлерді «не бұйрықты орындайсың, не жұмыстан кетесің» деп таңдаусыз қалдырып, жар жағасына итермелеген. Аш бал баласын асырау үшін амалсыздан басын бәйгеге тіккен жұмысшылардың бұл күйі елдегі Еңбек кодексі мен еңбек декларациясының жай ғана шонжарлардың аяқ астында тапталған қағаз екенін көрсетті.

Осы оқиғадан кейін Петропавл қалалық білім бөлімі «косметикалық жөндеу жұмыстары өз күшімен жүргізіледі, мердігерлер тек күрделі жөндеуге тартылады» деп жауапкершіліктен қолды бір-ақ сілтеп, басын ала қашуға тырысты. «Су аяғы құрдым» демекші, шенеуніктердің мұндай сыңаржақ уәждері ешкімнің басы ауырмайтын жүйенің бет-бейнесін ашып берді. Өкінішке қарай, «ауруын жасырған өледі» демекші, мұндай заңсыздықтар мен сорақылықтар елімізде бірінші рет орын алып отырған жоқ. Кешегі 2024 жылдың желтоқсанында Семейде болған атышулы оқиға да әлі жұртшылықтың жадында. №49 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқалиевті шенеуніктер өз міндетіне кірмейтін жұмысқа заңсыз жегіп, орталық алаңдағы шыршаны безендіруге жіберген еді. Қауіпсіздік техникасы аяққа тапталған сол сәтте ұстаз бес метрлік биіктіктен құлап, ауыр бас-ми жарақатын алып, миына қан құйылып, сүйегін алдыруға мәжбүр болған . Семейдегі қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен қуылғанымен, бұл сабақ Петропавлдағы басшыларға бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығып кеткендей әсер етпеген сияқты. Тіпті «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң да, еңбек декларациялары да кейбір шенділердің шектен шыққан өктемдігін тыя алар емес.

Ең өкініштісі әрі ашуды тудыратыны — бұл жерде тек еңбек заңнамасының тапталуы ғана емес, миллиондаған бюджет қаржысының ашықтан-ашық талан-таражға түсуі жатыр. Сонда мектептерді ағымдағы және косметикалық жөндеуден өткізуге жыл сайын мемлекеттік қазынадан бөлінетін қыруар қаржы қайда кетіп жатыр? Ол ақшаны кім жеп, кімнің қалтасында кептеліп қалды? Мемлекеттік сатып алу порталында қағаз жүзінде барлығы май жаққандай тегіс, тендерлер ұтып алынып, миллиондар игерілді деп есеп беріледі. Ал іс жүзінде сол жөндеуді жалақысы шай-пұлына да жетпейтін қарапайым техқызметкерлер мен мұғалімдерге мәжбүрлеп жасатқызып қояды. Бұл — мемлекеттің қазынасын тонап, содан кейін өз қылмыстарын жасыру үшін қарапайым халықтың денсаулығы мен өмірін бәске тігу. «Ұрының арты қуыс» демекші, бөлінген ақшаны қалтаға басып, мектепті өз күшімен бояуға бұйрық берген шенділер мен басшылардың бұл әрекеті — жемқорлықтың ең сорақы, ең қайырымсыз түрі.

Қазақстанда жылына 1300-ден астам адам еңбек өндірісінде жарақат алып, жүздеген азамат қаза табады деген ресми статистиканың артында тап осындай сорақы жауапсыздық пен мәжбүрлеу тұр. Мектептерде "өз күшімен жөндеу" немесе «қоғамдық жұмыс» деген желеумен мұғалімдер мен техқызметкерлерді тегін жұмыс күші ретінде пайдалану — бұрыннан келе жатқан, сүйекке сіңген суық әдет. Бұл — мемлекет бөлген қаржының қайда кететінін жұмбақ етіп, қарапайым халықтың маңдай терін, көз жасын бұлдаудың айқын мысалы. Желідегі әлеуметтік қауымдастық та бұл жайттарға бей-жай қарай алмай, ел ішінде наразылық пен ашу-запыран уақыт өткен сайын өршіп барады. «Балық басынан шіриді», «Адам өмірі арзан, бояу мен шырша қымбат болғаны ма?», «Мектеп директоры мен шаруашылық меңгерушісі тікелей қылмыстық жауапкершілікке тартылсын» деген ащы пікірлер әлеуметтік желіні шарлап кетті. Халық кейбір креслода отырған шенділер үшін қарапайым адамның өмірі мен денсаулығы ойыншыққа айналғанына, ар-ұятты жинап қойып, лауазымын асыра пайдаланатынына ашықтан-ашық наразылық білдіруде. Зардап шеккен отбасы оқиғаны еңбек инспекциясы мен құқық қорғау органдары жан-жақты, әділ тергеуін талап етіп отыр. Өйткені бұл оқиға — жай ғана кездейсоқ жағдай емес, заңсыздық пен өрескел бассыздықтың салдары. Егер «бармақ басып, көз қысып», істі жылы жауып қоятын болсақ, ертең мұндай қайғылы жағдай кез келген білім ұясында қайталануы әбден мүмкін. Сондықтан бұл іс бұра тартылмай, кінәлі тарап заң алдында толық жауап беріп, адам өмірін ойыншық көргендер өз жазасын алуы тиіс.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.