KZNews.kz
Қоғам

Назарбаевтың үшінші әйелінің туған ағасы Айдос Есполовтың ұсталғаны хабарланды

Ayzhan Sylanova
Фото: ашық дереккөз

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполов ұсталды. Бұл ақпаратты ҚазТАГ сенімді дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.

Агенттік мәліметінше, Есполов екі күн бұрын Астанада ҰҚК қызметкерлерімен бірлескен Антикор операциясы барысында қолға түскен.

Айдос Есполов – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үшінші жұбайы Әсел Құрманбаеваның туған ағасы. Ол Еуразиялық технологиялық университеттің және «Alatau Asset Management Company» ЖШС-нің құрылтайшыларының бірі ретінде де белгілі.

Бұған дейін, 2025 жылдың сәуір айының соңында мәжіліс депутаты Ермурат Бапи «Астана ЭКСПО-2017» төңірегіндегі қаржы жымқыру ісін көтеріп, ұлттық компания басқарма төрағасының экс-орынбасары Мұрат Омаровтың айтқан мәліметтерін жариялаған болатын. Омаровтың айтуынша, Есполов компания басшысының кеңесшісі болып жүрген кезінде пара алған, бірақ қылмыстық іс материалдарында ол тек «анықталмаған тұлға» ретінде көрсетілген.

Парламентте жарияланған деректерде Есполовтың ісін қылмыстық жауапкершіліктен қорғауға сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Антикоррупциялық қызметтің экс-басшысы Қайрат Қожамжаров ықпал еткені айтылған. Белгілі болғандай, Мәсімов Қаңтар оқиғаларынан кейін сотталып, қазір жазасын өтеп жатыр. Ал Қожамжаровқа қатысты тергеу жүріп жатқанына қарамастан, ол әлі Қазақстан құқық қорғау органдарының қолына түспеген.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары