Саясат

ҰҚК Айдос Есполовтың ұсталғанын растады

ҰҚК Айдос Есполовтың ұсталғанын растады
Фото: gov.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) “Астана ЭКСПО-2017” компаниясы басшысының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполовқа қатысты тергеу жүріп жатқанын растады. Бұған дейін кейбір БАҚ Есполовтың ұсталғаны жөнінде мәлімет таратқан, деп хабарлайды kznews.kz.

“Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес қосымша ақпарат жариялауға жатпайды”, – делінген ҰҚК таратқан хабарламада.

Ашық дереккөздерде Айдос Есполов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші жұбайы Әсел Құрманбаеваның туған бауыры екені айтылады. Ол бұған дейін “Астана ЭКСПО-2017” компаниясы басшысының кеңесшісі қызметін атқарған, сондай-ақ Еуразиялық технологиялық университеті мен Alatau Asset Management Company компаниясының тең құрылтайшыларының бірі ретінде аталады.

БАҚ-тағы мәліметтерге сай, тергеу Есполовқа ЭКСПО-2017 нысандарын дайындау кезінде орын алған ұрлық пен парақорлыққа қатысты айыптаулар бойынша жүргізіліп жатқаны, сондай-ақ 2,2 млрд теңгені жымқыру күдігі көрсетілген.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи “ЭКСПО ісі” аясында бұрын сотталған Талғат Ермегияевке тағылған айыптарды заңсыз деп атаған болатын. Депутат өз сауалында пара беру фактісінде “анықталмаған тұлға” ретінде көрсетілген адамның Айдос Есполов болуы мүмкін екенін, ал оның қылмыстық жауапкершіліктен тыс қалуына сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов пен “Антикордың” экс-төрағасы Қайрат Қожамжаров ықпал еткен болуы ықтимал екенін айтты. Сондай-ақ ол тергеу барысында пара берушінің тұлғасы анықталмағанын, психикалық ауруы бар куәгердің жауапкершілікке тартылмағанын және ЭКСПО-ға бөлінген 565 млрд теңгенің бір бөлігінің офшорға аударылғаны туралы деректер ескерілмегенін сынға алды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz