«Курсив» басылымының мәліметінше, қызмет көрсету шығындарының күрт өсуі театрды қаржылық қиындыққа әкелген. Өткен жылы театрдың жалпы кірісі 3,25 млрд теңгені құраса, қызметтердің өзіндік құны 2,9 млрд теңгеге жеткен. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,7 млрд теңге болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Кірістің негізгі бөлігі — 2,8 млрд теңге Мәдениет және спорт министрлігінен бөлінген қаржы. Сонымен қатар іс-шаралар ұйымдастырудан 428,8 млн теңге табыс түскен.
Шығындардың артуына 2024 жылы театр ғимаратының, ал 2025 жылы 14 пәтердің балансқа қабылдануы әсер еткен. Соның салдарынан амортизациялық аударымдар мен тұрақты шығын көлемі ұлғайған.
2025 жылы театр 536 мың теңге көлемінде дивиденд төлесе, 2024 жылы бұл сома 571 мың теңге болған.
Театрдың құрылтайшысы — Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Ал мекемені басқаруды Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырады. Театрдың жарғылық капиталы 8 млрд теңге деп көрсетілген.
Сондай-ақ театрда арт-менеджер болып жұмыс істейтін Әсел Исабаева жайлы да айтылған. Ол бұған дейін еңбек шарты мен жалақысына қатысты ақпаратты жариялауға тыйым салған.
Айта кетейік, 2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабында Әсел Исабаеваны екінші жұбайы екенін және олардан екі ұлы барын жазған.