Блогер өзінің Достық даңғылын Ленин көшесі, ал Назарбаев даңғылын Фурманов көшесі деп атайтынын жазған.
Әлеуметтік желіде Mini Knopka деген атпен танымал қазақстандық блогер Айгерім Бердалиева әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Мамандандырылған сот оны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі – ұсақ бұзақылық бойынша кінәлі деп таныды. Блогерге 60 550 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бұған дейін Бердалиева Threads желісіндегі жазбасынан кейін қызу талқыға түскен еді. Ол Алматы көшелерін әлі күнге дейін бұрынғы кеңестік атауларымен атайтынын айтып, өз пікірімен келіспейтіндерге қатысты өткір пікір білдірген.
Атап айтқанда, блогер өзінің Достық даңғылын Ленин көшесі, ал Назарбаев даңғылын Фурманов көшесі деп атайтынын жазған. Сонымен қатар Алматыдағы басқа да көшелердің бұрынғы атауларын тізіп көрсеткен.
Жарияланымында Бердалиева балағат сөздер қолданып, әдепсіз ишара көрсеткен. Оның жазбасы көп ұзамай әлеуметтік желіде тарап, қоғамда сын-пікір көбейді.
Фотосы билбордтардан алынды
Жанжалға Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары араласты, олар Бердалиеваны шараның бренд-амбассадоры ретінде таныстырған. Блогердің суреттері Алматыдағы жарнамалық экрандар мен билбордтарға орналастырылған.
Алайда оның жазбасынан кейін туған қоғамдық резонансқа байланысты ұйымдастырушылар блогердің пікірін қолдамайтынын мәлімдеді.
«EURASIAN FASHION WEEK блогердің айтқан сөздеріне ешқандай қатысы жоқ және оның жеке парақшасында білдірген ұстанымын қолдамайды», – деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.
Осыдан кейін Бердалиеваның суреті бейнеленген жарнамалық материалдарды алып тастау туралы шешім қабылданды.
Кейін блогер даулы жазбасын өшіріп, сөздері тиіп кеткен адамдардан кешірім сұрады.
«Мен ешкімді ренжіткім немесе көңіліне тигізгім келген жоқ. Ол жазбаны эмоцияға беріліп жаздым және оны жариялағаннан кейін бірден өшірдім», – деп түсіндірді блогер.
Бердалиева сондай-ақ жағдайды жанжалға айналдырмауға шақырып, әлеуметтік желі қолданушыларын бір-біріне құрметпен қарауға үндеді.