Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер әлеуметтік желі арқылы Қытайдан тауар жеткізу қызметін жарнамалап, азаматтардан тапсырыс қабылдаған. Клиенттерден алдын ала ақша алғанымен, тауарларды жеткізбеген.
Ақтауда Instagram желісінде 600 мыңнан астам оқырманы бар танымал блогер алаяқтық жасады деген күдікке ілінді. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер Қытайдан арзан тауар жеткізіп беруге уәде етіп, тұрғындардан алдын ала төлем алған. Алайда тапсырыс берушілер уәде етілген тауарларға қол жеткізе алмаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Тергеу болжамына сәйкес, жиналған қаражат тапсырыстарды орындауға жұмсалмай, күдіктілердің жеке қажеттіліктеріне пайдаланылған. Сондай-ақ іске Instagram желісінде 600 мыңнан астам оқырманы бар блогердің қатысы болуы мүмкін екені анықталған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігімен, яғни алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Әзірге істен зардап шеккендердің нақты саны мен келтірілген материалдық шығын көлемі жарияланған жоқ. Құқық қорғау органдары блогердің жеке басына қатысты да толық ақпарат ұсынбады.
Қазір тергеу амалдары жалғасып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Күдіктілердің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін олар кінәсіз деп есептеледі.