Белгілі әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов әлеуметтік желіде тараған жалған бейнежазбаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды kznews.kz.
Желіде тараған видеода продюсердің жас қызбен құшақтасып, сүйісіп тұрғаны бейнеленген. Алайда Қыдырәлі бұл бейнежазбаның жасанды интеллект арқылы жасалған фейк екенін айтып, өзінің бұл жағдайға еш қатысы жоқтығын ашық мәлімдеді.
"Ассалаумағалейкүм, қазақ елі! Тағы не шығарар екен бұл "белгісіздер?" Егер асыл әжем осы видеоны көрсе, "Қарақатың қайда?" деп қолына таяғын алып мені қуа жөнелер еді. Бірақ бұл – жалған видео, мен емес! Құдай сақтасын. Жасанды интеллекттің туындысы екенін үлкендерге түсіндірудің өзі қиын... Айналайын апаларым, әжелерім, "мынау не масқара?" демеңіздер. Бұл мен емеспін! Алла сақтасын. Осындай өтірік видеоны балаларым көріп қалмаса екен деп уайымдаймын", – деп жазды ол.
Өнер иесі жасанды интеллекттің жылдам дамуы қоғам үшін қауіпті құбылысқа айналып бара жатқанын айтып, желідегі жалған ақпарат пен арандатушылыққа қарсы болуға шақырды.
"Интернет пайда болғалы "қаралым жинау" үшін ештеңеден тайынбайтын топ пайда болды. Өз ұлтына күйе жағып, ар-намыстан жұрдай халге түскендер көбейді. Бұл – қоғам үшін үлкен қауіп", – деді Қыдырәлі Болманов.
Әнші өз жазбасын поэтикалық жолдармен түйіндеп, заманның беталысына алаңдаушылығын білдірді.
"Бір көш келе жатыр-ау, көсемі көп,
Тұлпары жоқ бұл көштің ,есегі көп.
Ар-намыстан айырылған пенделердің,
Қайда кетіп барады-ай, қадірі жоқ..." – деп түйіндеді ол жазбасын.