KZNews.kz
Шоу-бизнес

Мұқасан Шахзадаевтың қанша жылға сотталуы мүмкін екені белгілі болды

Ayzhan Sylanova
Фото: Іnstagram.com/mukassan_shakhzadayev/zhan_ahmadiev

Мұқасан Шахзадаев 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұған дейін «Нұр-Мұқасан» тобының жаңа мүшесі Ғалымжан Сүлеймен танымал әнші Мұқасан Шахзадаев тарапынан соққыға жығылғанын айтып, қоғамда үлкен дүрбелең туғызған еді. Әншінің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде де, БАҚ-та да кең талқыланып, көпшіліктің назарын аударды.

Полицияның ресми дерегіне сүйенсек, 22 қараша күні Ғалымжан Сүлеймен құқық қорғау органдарына ресми түрде шағым түсірген. Ол бірнеше адамның өзіне шабуыл жасап, соққыға жыққанын мәлімдеген. Оқиға бойынша тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары басталған.

Жәбірленушінің адвокаты Инга Иманбайдың айтуынша, Ғалымжанның жарақаты өте ауыр:
оның қолы сынған, мұрны сынып, беті қатты ісіп-көгерген. Сонымен қатар, жарақаттың күрделілігіне байланысты мұрнына хирургиялық ота жасалған. Адвокат бұл жағдайды тек тұрмыстық жанжал емес, адамның денсаулығына қасақана зиян келтіру деп бағалайды.

Инга Иманбай келтірген мәліметке сәйкес, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 2-бөлігі —
«Адамдар тобының алдын-ала сөз байласуы арқылы денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бойынша қозғалған. Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр, күдіктілерден жауап алынуда. Дегенмен, оқиғаға қатысты басты фигуранттардың бірі саналатын әнші Мұқасан Шахзадаев әзірге ешқандай ресми түсінік берген жоқ. Көпшілік оның пікірін күтіп отыр.

Бұл оқиға шоу-бизнес өкілдерінің ара қатынасына қатысты жаңа талқылар туғызып, қоғамда өнер адамдарының жауапкершілігі жайлы сұрақтарды да қайта көтерді.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары