Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әулие Валентин күнінің ислам дінімен және ұлттық дәстүрлермен байланысы жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Kznews.kz.
Діни басқарма өкілдері 14 ақпанды атап өту қоғамда өткінші қатынастарды алға шығарып, ар-ұятқа қайшы мінез-құлықты дәріптеуі мүмкін деп есептейді. Осыған байланысты мүфтият бұл күнді мұсылман қауымының тойламағаны жөн екенін ескертті.
“Әулие Валентин күні біздің дінімізге де, дәстүрімізге де қатысы жоқ. Бұл күн мәңгілік махаббатқа емес, бір күндік ләззатқа, шектен шығуға, ұятсыздық пен азғындыққа жетелейді”, – деп жауап берді мүфтият.
Әулие Валентин күні жыл сайын 14 ақпанда аталып өтеді. 2026 жылы бұл күн сенбіге сәйкес келеді. Қазір көпшілік оны ғашықтар мерекесі ретінде қабылдап, жұптар бір-біріне ашық хат жазып, сыйлық беріп, сезімін білдіруді дәстүрге айналдырған.
Ал Батыс христиан дәстүрінде 14 ақпан Әулие Валентинді құрметтеумен байланыстырылады. Дегенмен тарихшылар діни еске алу күнінің романтикалық мерекеге айналу үдерісі ұзақ уақытқа созылып, біржақты түсіндірілмейтінін айтады.