2026 жылғы білім грантын иеленгендердің тізімі жарияланды (ТІЗІМ)
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлердің ата-аналарына не істеуге болатынын айтты

Министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлердің ата-аналарына не істеуге болатынын айтты
фото: ашық дереккөз

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік грантқа ие бола алмаған талапкерлердің ата-аналарына үндеу жасап, берілмеуге шақырды. Айтуынша, ары қарай оқудың басқа жолдарын іздеу керек, деп хабарлайды kznews.kz.

Министр бұл сезімді жақсы түсінетінін алға тартты.

“Кейбір үйлерде бүгін үнсіздік орнауы мүмкін. Өйткені көптен күткен есім тізімнен табылмады. Жастық шақтағы осы сезім жақсы есімде: бір емтихан немесе бір конкурс бүкіл алдағы өміріңді анықтап қоятындай көрінеді. 17-18 жаста мұндай сәттерді шынымен солай қабылдаймыз: өттің - алдыңнан жол ашылды. Өтпедің - арманың алыстап кеткендей болады. Бірақ білім маған ең маңызды сабақтардың бірін үйретті. Адамның жолы сирек жағдайда түзу сызықпен жүреді. Кейде бүгін ашылмаған есік басқа жол іздеуге мәжбүрлейді. Ал кейін дәл сол жолдың ар жағынан сенің шынайы мүмкіндігің табылуы мүмкін”, – деп жазды ол. 

Министрдің айтуынша, биыл 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантының иегері атанған. Дегенмен конкурстың жоғары болғанын да растады.

“Әрқайсыңызды және отбасыларыңызды шын жүректен құттықтаймын. Тізімдегі бір ғана жолдың артында айлар, кейде жылдар бойғы еңбек, ұйқысыз түндер, ата-ананың алаңдауы, ұстаздардың қолдауы және өз табандылықтарыңыз тұр. Сіздер бұл нәтижеге лайықсыздар. Биыл конкурс әсіресе жоғары болды. 2025 жылы 113 мың өтініш берілсе, 2026 жылы олардың саны 127 мыңға жетті. Бұл - 14 мыңға көп. Сондықтан бүгін мемлекеттік грантқа аз ғана ұпайы жетпей қалған талапкерлерге ерекше сөз арнағым келеді. Мемлекеттік грант - сөзсіз үлкен мүмкіндік. Бірақ ол жоғары білімге апаратын жалғыз жол емес”, – деп қосты ол. 

Саясат Нұрбек мемлекеттік грантқа түспей қалғандарға елімізде басқа да мүмкіндіктер бар екенін алға тартты.

“Бүгінде Қазақстанда қосымша қолдаудың тұтас жүйесі бар. Биыл университеттер 2 мыңнан астам ректорлық грант ұсынды. Тағы 2000-нан астам білім грантын әкімдіктер бөлді. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламалары, жеке қорлар мен ірі компаниялардың гранттары бар.
Мысалы, "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынады. KAZENERGY, "Қазатомөнеркәсіп" және басқа да ұйымдар өздерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Оқу басталғаннан кейін де босап қалған мемлекеттік грантты иеленуге мүмкіндік бар. Жыл сайын гранттардың бір бөлігі босап қалады. Ал ақылы негізде оқып, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін сол гранттарға үміткер бола алады”, – деді ол.

 Министр конкурсқа өте алмай қалған балалардың ата-аналарын оларды қолдауға шақырды.

"Егер балаңыз грант алса, онымен бірге қуаныңыз. Ол еңбегінің шынымен бағаланғанын сезінсін. Ал грантқа ие бола алмаса, бүгін оған сіздің қолдауыңыз бұрынғыдан да қажет болуы мүмкін. Оны басқалармен салыстырмаңыз. Бір конкурсты баланың тағдырына шығарылған үкімге айналдырмаңыз. Одан да бірге университеттердің тізімін қарап, қабылдау комиссияларына хабарласыңыз, ректорлық, өңірлік және корпоративтік гранттар туралы біліңіз. Келесі мүмкіндікті іздеңіз", – деп кеңес берді министр.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.