Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ұсталған Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің жұбайы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялады. Ол тергеу аяқталмай тұрып күйеуін кінәлі деп атауға болмайтынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
«Менің күйеуім кінәлі емес. Ол бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады және өз міндетін абыроймен атқарып келді. Сондықтан оны біреудің сөзіне немесе болжамына сүйеніп айыптамай, алдымен өз ұстанымын айтуға мүмкіндік берілуі керек», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, отбасы Данияр Хайрушевке қандай да бір ерекше жағдай жасауды талап етпейді. Жұбайы тек тергеудің заң талаптарына сай, әділ әрі объективті жүргізілуін сұрайтынын жеткізді.
Сондай-ақ ол әскери қызметшіге қатысты қандай да бір айып тағылса, оның нақты фактілермен негізделуі қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, істің барлық дерегі анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасап, Хайрушевтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәлімдемелер жасамаған жөн.
«Егер оған қатысты қандай да бір талап немесе айып болса, ол нақты айтылып, фактілермен расталуы керек. Барлық мән-жай анықталғанға дейін асығыс қорытынды жасамауды және оны кінәлі деп атамауды сұраймын. Біз ашық әңгімеге дайынбыз, бірақ ол құрмет пен заң талаптары аясында жүргізілуі керек», – деді әскери қызметшінің жұбайы.
Еске салайық, бұған дейін Қорғаныс министрлігі Данияр Хайрушевтің ұсталғанын растаған. Ол Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктілердің бірі ретінде тергеліп жатыр.