KZNews.kz
Жаңалықтар

"Мен тағдырымды Аллаға тапсырдым": Танымал әнші қатерлі ісікке шалдыққанын айтты (ВИДЕО)

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Қазақстандық әнші, актриса және продюсер Нора Нұғман (шын аты – Нұргүл Нұғманова) Тимур Балымбетовке берген сұхбатында өзіне қатерлі ісік диагнозы қойылғанын алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Өнер иесі екі жыл бұрын омырауында түйін пайда болған соң тексеруден өтіп, қатерлі ісік анықталғанын жеткізді.

“43 жылдан бері бір рет те тексерілген емеспін. Менің омырауымда түйін пайда болды, оны тексерту үшін ауруханаға бардым, дәрігерлер түйіннің қатерлі ісік екенін айтты. Барлық қажет анализді тапсырдым, қатерлі ісік екені расталды. Бірақ мен оны фиброаденома деп ойлаймын, өйткені мен дәрігерлерге сенуден қалдым. Алғашында мен сендім, қорықтым, дәрігерлер айтқан барлық емді қабылдадым, жағдайым жақсарды. Химия қабылдап жүргенде менің ойымды бөлген жалғыз дүние – жұмысым болды”, – деді ол.

Алғашқы кезеңде Нора Нұғман химия терапиясын қабылдап, жағдайы жақсара бастаған. Алайда жақында ауруы қайта қозып, түйін бұрынғыдан ірі болып шыққан. Сонымен қатар лимфа түйіндерінде де өзгеріс байқалған.

“Қазір менде рецидив, яғни түйін қайта шығып жатыр. Қазіргі жағдайым асқынып жатыр, өйткені ол түйін бұрынғыдай кішкентай емес, оған қоса лимфа түйінінде де пайда болған. Бірақ мен оған қарсы ешнәрсе істеп жатқан жоқпын. Ойымды бөлу үшін концерт беремін деп шештім. Қазіргі уайымым концерт”, – деді әнші.

Нора Нұғман бұл жолы ем қабылдамауды ұйғарғанын да жасырмады.

“Айналамдағы адамдар “Қалай бұлай жеңіл жүре аласың?” деп сұрап жатады. Бұл менің таңдауым, әрбір адамға өз уақыты берілген деп ойлаймын. Мен ауруханада жатқым келмейді, аурумен арпалысқым келмейді. Мен қайтадан химия қабылдағым келмейді. Мен мұндай жағдайды басымнан өткіздім, мен ем қабылдасам, аяққа тұрамын де сендім. Құрбыларыма концертті өткізіп болған соң денсаулығыма қараймын деп уәде бердім. Бірақ рецидив дегенді естігенде өзім үшін шешім қабылдадым, мен емделгім келмейді” – деді ол.

Өнер иесі тағдырын Алланың қолына тапсырғанын айтты.

“Есесіне мен бүгінгі күнмен, осы сәтпен өмір сүруді үйрендім. Осы жеткілікті деп ойлаймын. Мен бұл шешімді жайдан жай қабылдаған жоқпын. Мен тағдырымды аллаға тапсырдым, мені қашан алатынын өзі шешеді, бұл оның құқығы. Әрине, біз бәріміз ұзақ әрі бақытты өмір сүргіміз келеді. Бірақ мен қазір, осында өмір сүремін деп шештім. Менің емім – музыка, менің емім – күнделікті істеп жүрген жұмысым. Бұл шешімім дұрыс емес шығар, бірақ жүрегім осыны қалайды”, – деді ол.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары