Президент қаза болған сарбаздардың туған-туыстары мен отбасы мүшелеріне көңіл айтып, қайғыларына ортақтасатынын жеткізді. Мемлекет басшысы марқұмдардың отбасыларына қажетті қолдау мен көмек көрсетілетінін атап өтті.
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, арнайы жеделхат жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мұқият анықталатынын айтты. Оқиғаға кінәлі тұлғалар анықталған жағдайда, олардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынына назар аударды.
Мемлекет басшысының жеделхатында әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан қызметшілерді мемлекеттік наградаларға ұсыну мәселесі де айтылған.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде төтенше жағдай болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен бір топ әскери қызметшіні теңіз ағыны алып кеткен.
Қайғылы жағдайға байланысты Үкіметтік комиссия құрылып, оқиғаның себептері мен барлық мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.