Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенконы елдің Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жеделхат жолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы құттықтауында бұл мерекенің Беларусь халқының бірлігі мен ұлттық рухының беріктігін, сондай-ақ елдің жасампаздық пен өркендеу жолындағы ұмтылысын айшықтайтын ерекше күн екенін атап өтті.
«Қазақстандықтар бауырлас беларусь халқына айрықша ықылас танытып, оның төл мәдениеті мен бай дәстүріне зор құрметпен қарайды», – делінген Президенттің жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь арасындағы достық пен стратегиялық серіктестікке негізделген өзара тиімді ынтымақтастықтың табысты дамып келе жатқанын атап өтті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы Александр Лукашенкоға жауапты мемлекеттік қызметінде табыс, ал Беларусь халқына бақ-береке мен өсіп-өркендеу тіледі.