Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің есірткі қолданғанын анықтауға арналған жаңа тәртіп енгізілді. Енді қызметкердің мінез-құлқынан кемінде үш күмәнді белгі байқалса, оны медициналық тексеруге жіберуге болады. Ал сараптамадан бас тартқан адам жұмыстан босатылуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Себепсіз жұмысқа келмеу, жиі кешігу, орынсыз ашулану, көңіл күйінің тұрақсыздығы немесе мінез-құлқының күрт өзгеруі күдік тудыратын белгілер қатарына жатады.
Сондай-ақ көздің қызаруы, қарашықтың әдеттен тыс үлкеюі не кішіреюі, сөзінің түсініксіз болуы және жүрісінің бұзылуы да назарға алынады. Алайда бір ғана белгі жеткіліксіз. Кемінде үш күмәнді жағдай анықталғаннан кейін мемлекеттік орган басшысы немесе аппарат жетекшісі медициналық тексеруге жіберу туралы шешім қабылдайды. Қызметкерге сараптамадан өту үшін екі жұмыс күні беріледі.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, бұл тәртіп мемлекеттік құпияларға қол жеткізе алатын қызметкерлерге де қатысты. Тексеру алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Егер сараптама есірткі немесе психотроптық зат қолданғанын растаса, қызметкер жұмыстан босатылуы мүмкін. Тексеруден жалтару да жұмыстан шығаруға негіз болады.
Нарколог-дәрігер Талшын Мұхамеджанның айтуынша, тексеру кезінде алдымен зәр сынамасы алынып, арнайы тест арқылы ағзада есірткі заттарының бар-жоғы анықталады. Егер адам дәрігердің рецептімен құрамында осындай заттар бар дәрі қабылдаса, тест нәтижесінде ол да көрінуі мүмкін. Мұндай жағдайда қосымша зерттеу жүргізіледі.
Қызметкер медициналық қорытындымен танысуға және нәтижеге келіспеген жағдайда шағымдануға құқылы.
Жаңа талап құқық қорғау органдарының, әскери және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қолданылмайды. Ал мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазым иелері жыл сайын міндетті медициналық тексеруден өтеді.