Кеше ғана «тұрақты жұмыс – тұрақты өмір» деген қағида санаға шегеленіп қалғандай көрінетін, ал бүгін сол ұғымның іргесі сөгілген үйдей сыр бере бастағандай. Өйткені ай сайынғы жалақы бұрынғыдай сенімнің қамалы емес, инфляцияның өтінде тұрған жұқа қалқанға ұқсап қалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресми деректер орташа атаулы жалақының өскенін көрсеткенімен, соңғы жылдары жылдық инфляция 15–20% аралығында құбылған кезеңдер болды. Ал бұл «қалтасы қалыңдағанмен, қауқары артпаған» жағдайдың айқын көрінісіне айналды. Осындай алмағайып шақта жас буын «айлыққа алақан жайғанша, тәуекелге бел буайын» деген ойға бекіп, жалдамалы еңбектің жібін бос қоя бастады.
Бүгін де елде тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2 миллионнан асып, онда 4 миллионнан астам адам еңбек етеді деген мәлімет бар, ал осы кәсіп иелерінің басым бөлігін 20–35 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл – жай сандардың тізбегі емес, тұтас буынның беталысын аңғартатын көрсеткіш.
Мамандардың бірі, экономист‑талдаушы Айгүл Төлеуова былай дейді:
«Бүгінгі жастар үшін кәсіпкерлік – тек табыс көзі емес, әлеуметтік статус, дербестік пен тәуелсіздіктің символына айналып барады. Олар таңдаған жұмысында емес, өз таңдауларында мағынаны іздейді».
Соңғы жылдары электронды коммерция айналымы еселеп өсіп, маркетплейстердегі сауда көлемі триллион теңгемен өлшенетін деңгейге жетті. Cмартфон – дүкенге, әлеуметтік желі – жарнама алаңына, ал курьерлік қызмет – логистикаға айналып, қолы қимылдағанның аузы қимылдай бастады. Кеше ғана кеңсенің креслосына байланған жас бүгін онлайн сауда арқылы табысын еселеп, ойды кәсіпке, белді тәуекелге буды.
Тағы бір сарапшы, бизнес‑консультант Ербол Әбдіқадыров осындай жаппай кәсіпкерліктің көбеюіне сынмен қарайды:
«Кәсіпкерлікке жаппай ұмтылу қуанышты жағдай болғанымен, оның артында оқу, тәжірибе, жүйелі жоспарлау мен нақты нарық түсінігінің болмауы – ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етпейді»
Сарапшылар бұл құбылысты тек сән қуалау немесе жеңіл жол іздеу деп бағаламайды. Қаржы талдаушыларының пікірінше, жастар үшін бизнес – табыс көзі ғана емес, тағдыр тізгінін өз қолына алу амалы. Әлеуметтанушылар да бүгінгі жас үшін бастықтың қабағына қарағаннан гөрі, нарықтың тамырын басқан абзал деп санайды. Өйткені жалдамалы еңбек кейде «біреудің диірменіне су құю» секілді көрінеді, ал кәсіпкерлік – «өз қазаныңда қайнау».
Алайда әр дүниенің екі жағы бары сөзсіз. Ресми статистика жаңа ашылған бизнестің едәуір бөлігі алғашқы үш жылда жабылатынын көрсетеді, демек «аттың басын бұрғанның бәрі мәреге жете бермейді». Иә, статистика көрсеткендей, жаңа ашылған шағын бизнестің шамамен 60–70% алғашқы 3 жыл ішінде жабылады.
Нарық қаныққан, бәсеке қылышын жалаңдатқан, ал сауда саласында маржа жұқарған. Бәрі сатушы болуға ұмтылған қоғамда өндіруші азайса, бармақ шайнар күйге түсуіміз мүмкін. Экономистер «делдалдық экономика – желге қарсы тігілген шатыр» деп ескертеді, яғни ұзақ мерзімге шыдас бермейді. Сондықтан жастардың жаппай кәсіпкерлікке ұмтылысы – қуантатын құбылыс болғанымен, оның сапасы мен бағыты – сын сағаттағы үлкен мәселе.
Мәселенің тағы бір кем тұсы – өндірістің емес, көбіне сауданың басым болуы. Саудада қазір “дропшиппингтер” көбейді. Яғни бұл термин “тауарды алдын ала сатып алмай және қоймада сақтамай, делдал ретінде онлайн сату тәсілі”дегенді білдіреді. Көп жас сатумен айналысамын дейді, өйткені бастапқы капитал аз, кіріс тез көрінеді. Бірақ бұл – экономика үшін ұзақ мерзімді стратегия емес, қысқа мерзімде уақытша нәтижеге жету . Экономист‑ғалым Бақытбек Мұратбек:
«Егер жастардың күш‑қайраты тек делдалдық моделдерге ұмтылса, өндіріс қалдық күйінде қала береді, соның әсері ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді», - дейді.
Сол себепті шешім тек жастардың кәсіпкерлікке құмарлығында емес, соны қолдайтын жүйеде жатыр. Біріншіден, қаржылық және бизнес сауаттылықты бастапқыдан, тіпті мектептен бастап оқыту керек. Әркім қара басын қайттаған уақытта, “мен” деген эгоны жеңіп, “біз, мемлекет” деген алып елдің экономикасына келетін қауіпті, қиындықты ойлай алар ма екен?Себебі тәуекел мен қауіптің айырмасын білу – бизнестің ажырамас бөлігі. Екіншіден, тек сауда мен қызмет көрсету емес, өндіріс пен технологияға инвестиция салатын стартаптар мен бастамаларға мемлекет қолдауы арта түссе игі еді. Үшіншіден, жалдамалы еңбек нарығының жағдайы да назардан тыс қалмауы тиіс. Жоғары жалақы мен мансаптық баспалдақ жастарды алыстан-ақ шақырып, елітіп тұруы керек қой.
Сөйтіп, бүгінгі жас буын «жұмыс табу» емес, «жұмыс құру» идеясымен тыныстап отыр. Бірақ кәсіпкерлік тек еркіндікпен шектелмейді, сонымен бірге жауапкершіліктің қамыты екенін ұмытпау керек. Қалай болса да, бір нәрсе айдан анық. Жастар бүгін дайын жүйеге бейімделуден гөрі, жүйені өзіне, өз ырғағына сай өзгертуге тырысуда. Ал бұл дегеніміз - түлкі болған заманды тазы боп шалмаққа бел байлаған дүниетанымдық бетбұрыс.