АҚШ-тың Джорджия штатында мектеп оқушыларының әзілі қайғылы жағдаймен аяқталды. Оқиға салдарынан математика пәнінің мұғалімі Джейсон Хьюз көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
The New York Post басылымының мәліметінше, бес жасөспірім мұғалімнің үйіне келіп, әзіл ретінде оның ауласына дәретхана қағазын лақтырып кеткен.
Мұны байқаған мұғалім үйінен шығып, оқушыларды тоқтатпақ болған. Сол кезде жасөспірімдер көліктеріне отырып, оқиға орнынан кетпек болады. Осы сәтте Хьюз сүрініп, жолға құлап қалған. Сол мезетте көліктердің бірі оны басып кеткен.
Оқиғаға қатысқан жасөспірімдер жедел жәрдем келгенше мұғалімге алғашқы көмек көрсеткен. Алайда ол ауыр хәлде ауруханаға жеткізіліп, келесі күні жүрегі тоқтап қалған.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысы бар мектеп оқушылары ұсталып, оларға бірнеше бап бойынша айып тағылған. Соның ішінде жеке меншік аумаққа заңсыз кіру дерегі де бар. Қатысушылардың бірі 1950 доллар кепілдікпен босатылған.
Қайтыс болған Джейсон Хьюздің артында отбасы қалды. Оның жұбайы да математика пәнінің мұғалімі, ерлі-зайыптылардың екі баласы бар.
